Өткен аптаның басында Павлодарда қызылшаның белгілерімен ауруханаға түскендер саны 50 адам ғана болатын.
Ауруханаға түскендердің барлығынан қызылшаның белгілері табылып, олар тиісті ем қабылдап жатыр. Алайда ақырғы диагноз республикалық СЭС-тен қанға жасалған зерттеулер қорытындысы алынғаннан кейін ғана қойылады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылдың аяғында қызылша деген күдікпен алғашқылардың қатарында Павлодардағы 5512 әскери бөлімшенің жауынгерлері ауруханаға түсті. Әскерилер өткен күзде әскерге жаңадан шақырылғандар жиналған Алматыдан ауруды әкелді деп саналады. Қазір ауруханаға жатқызылғандар арасында жергілікті жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары сынды жай азаматтар бар. Бірақ қалада аурудың бір ғана ошағы табылған жоқ. «Сырқаттар қаланың түрлі аудандарында тұрады, түрлі мекемелерде жұмыс істеп оқиды»,- деді В.Чуклинов.
Аурудың белең алуына жол бермеу үшін Павлодардағы 5512 әскери бөлімшенің жауынгерлеріне вакцина егілді. Сондай-ақ, арнаулы орта және жоғары білім ошақтарының түлектерінен құралған 6900 Павлодар тұрғыны 15-ақпанға дейін вакцина егу шарасына қамтылады. Биыл 18-сәуір мен 1-мамыр аралығында республикалық шара аясында облыста 15-25 жас аралығындағы 80 мыңдай адамға вакцина егіледі. Ал күзде жүкті әйелдерге вакцина егу жоспарланған.
Павлодар облысында соңғы мәрте қызылша дерті белең алу оқиғасы 1987-жылы тіркелді. Ол кезде ауырғандар саны 437 адамға жеткен.