Жарияланды: 590

Павлодарда су астында 11 минут қалған 15 жасар қыз аман қалды

Павлодарда суастында 11 минут  қалған 15 жасар қыз аман қалды. Қазір ол жан сақтау бөлімінде. Дегенмен соншама уақыт суда қалып қойған адамға жан бітіргендеріне мамандардың өздері де сене алмай отыр. Жалпы, демалыс күндері елімізде тоғыз адам суға кетіп қаза болды; арасында кішкентай балалар да бар. Қайғылы жағдайлар адамдардың қарапайым сақтық шараларын  сақтамағандығынан  орын алған.

Павлодарда соңғы бір апта бойы температура 33 градустан төмен түспей тұр. Сондықтан болар, тұрғындар аптап ыстықта жағажайды жиі жағалайды. Тек Павлодар облысы бойынша ғана жаз басталғалы 35 адам суға кете жаздады. Олар құтқарушылардың қырағылығының арқасында аман қалды.  Аталмыш  оқиғаның бірі өткен демалыста орын алды.

Ертіске шомылуға келген қос құрбының бірі ескерту белгісін елеместен, тыйым салынған жаққа жүзіп өтіп, тереңдігі  он  метрден аса шұңқырға түсіп кеткен. 11 минут су астында болған 15 жастағы қызды құтқарушылар  жағаға шығарып, жасанды дем беріп жан бітірген. Қазір ол жансақтау бөліміне жеткізілді; жағдайы ауыр.

Анатолий Колтаков, Павлодар облысы бойынша судан құтқару қызметінің сүңгуірі:

- Менің  бес  жылғы  тәжірибемде бұл алғашқы жағдай. Су астында 10 минуттен аса уақыт болған адамды құтқару қиын. Әйтеуір қызды аман алып қалдық.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында студент  бала суға кетті. Есілдің бойында археологиялық қазба жұмыстарын жасауға келген қостанайлық бір топ шәкірт суға шомылмақ болған. Алайда су әлі салқын болғандықтан 18 жастағы бозбаланың аяғындағы сіңірі тартылып қалған.

Лаура Дүйсенбина, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша судан құтқару қызметінің маманы:

- Соңғы екі күн ішінде дәл осы жерде екінші кайғылы жағдай тіркеліп отыр. Осыдан бір күн бұрын Долматово елдімекенінің  33 жастағы  тұрғыны қаза тапты. Себеп: мас күйінде суға түскен. Денесі қызып тұрып, салқын суға секіргендіктен   сіңірлері тартылып қалған.

Соңғы бір-екі күн ішінде елімізде тағы бірнеше адам осындай жағдайда ажал құшқан. Олардың арасында кішкентай балалар да бар. Мамандардың айтуынша,   қайғылы жағдайлар әдетте жүзе білмегендіктен, не ішімдіктің кесірінен орын алып жатады. Сондай-ақ ата-аналардың бейқамдығынан бүлдіршіндердің суға кету оқиғалары да жиілеп кетіпті. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін