Республиканың түкпір-түкпіріне жиналған 120 атқыш мергендік сайысына түспекші. Олар облыстық іріктеу сынақтарында жеңімпаз атанған. Әрбір қатысушы кедергілі жолақтардан өтіп, Макаров тапаншасы мен Калашников автоматынан атылған оқты нысанаға дәл көздеп тигізуі тиіс. Байқау қала іргесіндегі Мичурино ауылындағы әскери полигонда өткізілуде. Әрбір құрамада 5 адам бар. Бүгін, чемпионаттың алғашқы күні ер адамдар, ал ертең әйелдер мергендік сынасады.
Бұл ҚР ІІМ өткізіп отырған осындай үшінші чемпионат. Павлодар облыстық ІІБ-ның бастығы Мұрат Тұмарбековтың айтуынша, қуанышқа қарай, еліміздің полиция қызметкерлері табельді қаруды сирек қолданады. Дегенмен, ІІБ-ның әрбір қызметкері қажет жағдайда оны шебер пайдалана алуы қажет. Ал осындай сайыстар кәсіби шеберлікті шыңдауға мейлінше септігін тигізетіні сөзсіз, дейді ішкі істер басқармасындағылар.