Дегенмен, уақыттың аздығына байланысты әзірге тек хобби ретінде айналысуға тура келеді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
— Көбінесе жұртшылық арасында үйді еуропалық үлгіде жабдықтайтын әдет қалыптасып кеткен. Бірде осы неліктен өз шаңырағымызды қазақи стильде безендірмеске деген сауал туындады. Кейін осы ойды ақырындап жүзеге асыра бастадым. Бұл істі қолға алғаныма бір жарым жыл уақыт өтті. Өзімнің және туған-туыстарымның үйлерінің төбесіне түрлі өрнектер салдым. Негізі өзім атам мен әжемнің тәрбиесінде өскен едім. Әлі есімде балалық шағымда қыс кезінде ауылда жарық болмайтын. Сонда әжем майшамның жарығымен кесте тігіп, құрақ- көрпе жасайтын. Сол кезден бастап осы өнерге қызығушылық оянған. Бұған қоса, анам Майқайың ауылында мектеп оқушыларына ұлттық киімдер мен қыздың жасауын тігіп беретін, — дейді ол.
Гипсокартонға түсірілетін ою-өрнекті Қызырхан үйдің жобасына сәйкес кітаптар мен ғаламтор арқылы таңдап алады немесе өзінің қиялына ерік береді. Алғаш рет бұл өнердің қыр-сырын алматылық Жандарбек есімді азаматтан үйренген. Болашақта ол ұлттық нақышпен үйлердің сыртын қаптайтын заманауи үлгідегі кірпіштер шығаруды армандайды.
— Зергерлік өнер төзімділік пен уақытты талап етеді. Жалпы, менің санам осы ұлттық дүниені сіңіріп алған. Пенде болған соң көптеген жоспар бар. Әзірге бұл хобби. Кейде осы жанталас тірлікпен қалып қояды. Негізгі мақсатым — ұлттық мұрамызды әлемге таныту. Сондықтан болашақта осы жолда қызмет етіп, аз да болса өз үлесімді қоссам деген ой бар, — дейді шебер.
Айта кетерлігі, қазақтың қолөнерін серік еткен Қызырхан Шәкірт бүгінде облыстық «Халық» радиосында диктор болып қызмет етеді.