Павлодардың негізгі аты Керегежар - Жазушы Серік Елікбай - kaz.caravan.kz
  • $ 490.58
  • 584.77
-2 °C
Алматы
2026 Жыл
12 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодардың негізгі аты Керегежар - Жазушы Серік Елікбай

Павлодардың негізгі аты Керегежар - Жазушы Серік Елікбай

Жазушы, әдебиеттанушы, қоғам белсендісі Серік Елікбай Павлодар облысның негізгі тарихи қазақша атауын айтты.

  • 12 Ақпан
  • 11
Фото: Видеодан скриншот

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол «Adyrna«-ға берген сұхбатында өңірдің негізгі аты Керегежар екенін мәлімдеді.

«Өткен жылы бір азаматтар Сарыарқа деген атты ұсынып жатты. Бірақ, ол тым жалпылама атау. Бұл жердің негізгі аты Керегежар. Коряков деген саудагер туралы айтып жүр ғой. Ол кейіннен келген. Оған дейін ол жер Керегежар болып тұрған. Петропавлск Қызылжар болса, мынау Керегежар. Қазақ ат қойғанда астарында үлкен дүние бар. Мынау — жардың шеті, ары қарай басқа ел. Павлодар өңірінің бір ерекшелігі, Керекуден кейін отан бітеді. Ары қарай басқа елдің мекені. Ар жағын бабаларымыз жүрген Құлынды даласы. Бірақ, жоқты армандағанша барды бекіткенге не жетсін?! Жоқты іздегенше барды әжетке жаратқанға не жетсін?! Бұл жердің атауы жөнінді әркім әртүрлі пікір айтады. Менің азамат ретіндегі айтатын дүнием — кімнің атын, қалай қойса да ол жердің қазақы атау болу керек. Осы мәселеге келгенде қазақтың ішінде ет пен терінің ортасындағы ыстық суықтық секілді «анау емес, мынау» деп дау болады. Әлі айтуға жарамайтын даумен жүрген кезде негізгі дүниеден айырылып қалып жатамыз. Кеменің қалай жүзетіні оның атына байланысты. Ертеңіміздің атауы қалай болатыны осы жердің атауына да байланысты. Ол өзгеруге тиісті. Мүмкін, дәл қазір уақыт піспей тұрған шығар. Мүмкін, билік піспей тұрған шығар», — дейді ол.

Сондай-ақ, Серік Елікбай «ұстаз» сөзін жөн-жосықсыз қолданатындарға да тоқталды.

«Дін деген — мотивация. Ол жөнінде айту алмас қылышың жүзі деп білемін. Тайып кетсеңіз, өзіңіз өлесіз не біреуді өлтіресіз. Мешітке кірген адам бір басқа да, рухтанып шыққан адам бір басқа. Үлкен діндардың қасынан шыққан ұсақ діндарлар аса қауіпті. Сосын мен 40 жыл сабақ берген адаммын. Кейде шәкіртім «ұстаз» деп жазса, мен қысыламын, ұяламын. Менің білуімше, ұстаз біреу ғана. Ол — Ахмет Байтұрсынұлы. Оның қасына Ыбырайды қосуға болатын шығар. Біз бір сөздерді қайта-қайта айтып, бөздей тоздырып, бояуын кетіріп, шаршатып жібердік», — дейді ол.