Павлодар қалалық №1 ауруханасының босандыру бөлімінің қабылдау бөлмесінде 32 жастағы әйел қайтыс болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, 18 қаңтар күні сағат 10 шамасында жедел жәрдем қызметіне ер азамат хабарласып, әйелінің нашар сезініп жатқанын айтқан. Жүкті әйелді қалалық №1 аурухананың босандыру бөліміне жеткізген. Дәрігерлер жарты сағат бойы әйел адамның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен нәтиже болмады. 11.30 шамасында биологиялық өлім тіркелді. Болжам бойынша диагноз — төменгі өкпенің қатерлі ісігі. Нәресте құрсақта қайтыс болды. Облыстың бас акушер-гинекологы Гүлнар Жармакинаның айтуынша, марқұм №4 қалалық емханада қаралып, уақытылы тексеріліп жүрген. — Өкінішке орай, жүкті әйелдерде мұндай жағдай болып тұрады, — деді дәрігер. Өңіріміздегі танымал гинекологтар да Гүлнар Жармакинаның айтқанын қайталап берді.