Павлодарлық ата-аналар балаларын аса қауіпті апатты мектепке жібермейміз деп отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодарлық ата-аналар балаларын аса қауіпті апатты мектепке жібермейміз деп отыр

Павлодарлық ата-аналар балаларын аса қауіпті апатты мектепке жібермейміз деп отыр

Павлодар облысында бір топ ата-ана жаңа оқу жылында балаларын мектепке жібермейтіндерін мәлімдеді. Айтуларынша, оқушылар тамақтанатын асхананың қабырғалары көгеріп, төбесі шіріп тұр. Олардың бұл шешімін Черноярка ауылы орта мектебінің ұстаздары да қолдауда. Білім мекемесінің шатырын биыл жөндеп беруге уәде еткен атқамінерлер болса, бюджеттен бөлінген қаражаттың жетпей қалғанын айтып ақталды.

  • 19 Тамыз 2015
  • 319
Фото - Caravan.kz

Черноярка ауылының оқушылары құлаудың алдында тұрған мына мектепте 6 жылдан бері білім алып келеді. Мектеп ұстаздары салынғанына 50 жыл толған ғимарат биылғы қысқа төтеп бере алмай ма деп қорқады. Бұған қоса санитар мамандар қабырғалары әбден ылғалданған мына бөлмеде оқушылардың тамақтануына тыйым салған.

Татьяна Скоробогатова, оқу жылы басталса болды, екі баласының жиі ауыратынын айтады. Бұған мектеп асханасы мен мәжіліс залы қатар орналасқан мына аумақтың ауасы себеп дейді. Қысы-жазы төбеден аққан судың кесірінен қабырғалар көгеріп, шіріп жатыр.

Татьяна Скоробогатова, Черноярка ауылының тұрғыны:

—  Осындай жағдайда тамақтанған бала ауырмағанда қайтеді? Спорт залы да шіріп жатыр.Оқушылар онда қыста сыртқы киіммен жүреді. Бұл мәселе биыл тағы шешілмей қалды.

Төбесі құлаудың алдында тұрған бұл мектепте 230 бала оқиды. Биылдан  бастап олардың асханада тамақтанып, мәжіліс залында мерекелік іс-шаралар өткізуіне тиым салынды. Ал директоры білім ошағының оқу жылына дайын еместігін мойындап отыр.

Жұмаш Бейсенбаев, Черноярка ауылы орта мектебінің директоры:

— Мектептің міне елу жыл тарихы бар. Бірақ мынандай жағдайда болғаны ұят. Балаларды осы залға кіргізуге болмайды.Санитарлық және өрт нормаларымен осында балалар болмауы керек.

Бұл мәселемен аудандық білім бөліміндегілер де жақсы таныс. Ескі мектеп төбесінің жыл сайын жамалатынын айтқан олар енді білім ошағының шатырын толығымен ауыстырмақшы. Бұған биыл бөлінген қаражаттың жетпей қалғанын мәлімдеген атқамінерлер Черноярка ауылындағы мектепті жөндеуге 5 миллион теңге қажет дейді.


Серік Мақұлов, Павлодар ауданы білім беру бөлімінің жетекшісі:

— Мәселелерді бір күнде шешуге бола қоймайды.Бәрі қаражатқа байланысты. Ата-аналарға енді сабыр сақтаңыздар деп айтамыз. Жұмысты жүргіземіз. Ата-аналар көтерген мәселелер жабылады.

Ата-аналарды сабырға шақырған білім бөліміндегілер ауыл оқушылары үшін жаңа асхананың ашылатынын жеткізді. Ол үшін арнайы тендер өткізіп, балаларды уақытша болса да, сапалы тамақпен қамтамасыз етуді жоспарлауда. Ал бұған иланбаған халық асхананың шатыры биыл жөнделмеген жағдайда балаларына мектеп табалдырығын аттатпайтындарын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар