"BOSSFOR" дәмханасында адамдарды соққыға жыққан "Элекор Күзет" күзетшілері үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы агенттіктің жолдаған ресми сауалына берген жауабында Павлодар қаласы прокурорының міндетін атқарушы, әділет кіші кеңесшісі Марат Әлкенов мәлім етті.
Естеріңізге сала кетсек, қазан айының басында "BOSSFOR" дәмханасында демалып отырған алты-жеті ер адам ақысын төлеуден бас тартып, мекеме әкімшісі «Элекор Күзет» күзет фирмасының қызметкерлерін шақырған болатын. Келген күзетшілер адамдарды соққыға жығып, кейін қамауға алынған. Облыс тұрғындары болған жағдайды әлеуметтік желілерге салынған видео арқылы білген. Десе де, республикалық БАҚ бұл видеоның екі бөлімнен тұратынын жариялаған. Десе де, оның екіншісі ғана желіге тараған. Ал, бірінші бөлімде ер адамдардың өздері күзетшілерге жабылып, қаруларын тартып алғысы келген.
Қылмыстық іс бойынша төрт күдікті бар. Олардың екеуіне қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы тағайындалған. Сотқа дейінгі тергеу барысында барлық видео қарастырылып, тиісті баға берілген, — деді Марат Әлкенов.