Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Көрмеге Алматы қаласында орналасқан Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіндегі аспаптар қойылған. Көрмені ұйымдастырушы — Павлодардағы Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы мұражай үйінің басшысы Ерлан Рақымов.
Ерлан Рақымов бұл Ықылас музейінің облыстарға жасап отырған алғашқы сапары екенін атап өтті.
— 2017 жылдан бері осы көрмені Павлодарға әкелуді мақсат еткенмін. Соның сәті биыл түсіп, шақыртып отырмын. Бұл көне аспаптарды сақтайтын музей болғандықтан, сапарға көп шыға қоймайды. Мақсатымыз – солтүстік өңірде, Павлодар қаласында сол қазақтың көне аспаптарын көрсету, халыққа таныту, насихаттау. Оған қоса, биыл Потанин музейінің 80 жылдығы, әрі биыл Республика күні мерекесін қайта жаңғыртып жатыр. Сол мереке қарсаңында халыққа көрсетейік деп шақырттық, — деді Ерлан Рақымов.
Көрмеде Ақан серінің, Біржан салдың, Қамар Қасымовтың домбыраларының түпнұсқалары бар.
Ақан серінің домбырасы – 2 ішекті, 13 пернелі домбыра. 2017 жылы реставрациядан өткен. Тұтас қайың ағашынан жасалған. Аспап Сәкен Жүнісовтің үйінде көп жыл тұрып, музейге табысталған.
Біржан салдың домбырасы – 2 ішекті, 12 пернелі домбыра. Қазақ пішінді музыкалық аспап. Мойны ұзын, шанағы тұтас жабылған. Бұл аспапты қарындасы Қадиша сақтап келген екен.
Сонымен қатар, құнды жәдігерлердің бірі – ақын, отаршылдыққа қарсы көтеріліс басшысы, Бөкей Ордасында дүниеге келген Махамбет Өтемісұлының домбырасы. Бірақ көрмеде домбыраның көшірмесі қойылғанын атап өту керек. Аспаптың шебері және жасалған уақыты белгісіз. Ағаш, жібек жіптен жасалған.
Ерлан Рақымов бұл домбыраның музейге жету жолы да оңай болмағанын айтып берді. Махамбеттің аспабы – 13 пернелі, жұмыр шанақты домбыра. Домбыра оның ұрпағы, музыкант Арыстан Баталовтың қолында болған.
— 31 жылы Арыстан көз жұмғанда ағасы Қатеп Қызылордаға алып кеткен. 1933 жылы белгілі күйші Сейтек Оразұлы домбыраны іздеп Қызылордаға барады. Домбыраны 2 күн ойнап, аспапты өзіне сыйға сұрағанмен ала алмайды. Қатеп қайтқан соң туысы Қажетте қалады. 1934 жылы ол көз жұмып, анасы Ресейге көшкенде өзімен бірге алып кеткен. Ресейде аспап Елеу деген қарттың үйінде сақталған. 74 жылы оның ұлы Мұстафа Исмағұловтың қолына өтеді. 85 жылы аспаптың бет тақтайы реставрациядан өтіп, тарихи құндылық ретінде Алматыдағы Ықылас музейіне әкеліп тапсырылған, — деді Ерлан Рақымов.
13 қазан күні ашылған көрме 1 айға жуық уақыт тұратын болады. Павлодарға 30-дан астам аспап әкелінді. Қазақтың ұлттық көне аспаптарының әр түрінен бір-бірі данасы жеткізілген. Оның ішінде біздің өңірде көп кездесе бермейтін аспаптар бар.
— Көрменің құны білетін адамға өте жоғары. Бұл аспаптар басқа өңірлерге көп шығарыла бермейді. Оған қоса, тарихи тұлғалардың аспаптарының түпнұсқасын әкелу ол жаңалық. Дайын әкеліп қойған нәрсені жұртшылық келіп көрсе деймін. Мұндай тамаша мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды, — дейді Ерлан Рақымов.
Айта кетейік, күйші, қобызшы Ықылас Дүкенұлының атындағы музей — 1981 жылы Орталық Азия бойынша тек музыкалық аспаптарға арналып құрылған алғашқы музейлердің бірі. Әрі қазіргі уақытта Қазақстан бойынша бірегей музей болып саналады. Музей 9 залдан тұрады. Бесеуі қазақ ұлттық аспаптарына арналса, төртеуі әлем халықтарының музыкалық аспаптарына арналған. 50-ге жуық елдің аспаптары бар.