Жаратушы Алла адамзатты мәңгілік етпеді. Адамға өлшеулі өмір берді. Өлшеулі ғұмыр біткен соң, бұл пәниден о бақиға кету парыз. Өмірге келудегі мақсатымыз — бір Аллаға құлшылық ету. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымыз біз үшін сынақ. Бұл жалғанда мейлінше жақсылық жасап, сауапты амал ете білу керек. Тағдырымызға жазылған сағат сәті келгенде ешкім араша түсе алмайды, ғұмырын ұзартып ажалды кешіктіре алмайды, шыбын жанымыз кеудемізден шығады, оған күмән жоқ. Мәңгілік тек Аллаға тән. Құранда былай дейді:
وَلِكُلِّ أُمَّةٍ أَجَلٌ فَإِذَا جَاء أَجَلُهُمْ لاَ يَسْتَأْخِرُونَ سَاعَةً وَلاَ يَسْتَقْدِمُونَ
«Әрбір үмбеттің белгілі мерзімі бар. Олардың мерзімдері келгенде оны бір сағат кешіктіре де, ілгерілете де алмайды» (Ағраф сүресі, 34-аят).
كُلُّ مَنْ عَلَيْهَا فَانٍ. وَيَبْقَى وَجْهُ رَبِّكَ ذُو الْجَلالِ وَالإِكْرَامِ
«Оның (жердің) үстіндегінің бәрі – фәни. Тек ұлылық пен жомарттықтың Иесі – Раббың ғана қалады» (Рахман сүресі, 26-27 аят).
Өзекті жанға бір өлім демекші, өлімді еске алу арқылы пенде өз болмысының ақиқаты мен дүниенің пәнилігін жете түсінетін болады. Күнделікті күйбең тіршіліктің әсерінен тотығып қалған жүректі жібітетін амал – өлімді көбірек еске алу. Пенде жасаған күнәсі үшін Алладан жарылқау тілеп, тәубе етуі тиіс.
Өлім жайында Құран Кәрімде 63 аятта баян етіледі. Құранда кәпірлер мен күнәкар пенделерге ажал келгенде азапқа тап болатынын ескертіп қорқытса, ажалға дайындық жасап, шариғат шарты бойынша өздеріне бұйырылған іс-амалдарын толық орындап жүрген мүмин пенделерді қуанышты хабармен сүйіншілейді.
Әрбір пенденің ажалы хақ. Ажалдан ешкім құтыла алмайды:
كُلُّ نَفْسٍ ذَآئِقَةُ الْمَوْتِ
«Әрбір жан өлімнің дәмін татады», — деген Әли Имран сүресінің 185-аятында.
Ажал келген сәтте өкінгенмен еш пайда жоқ. Өлім сәті таяғанда адам өткен өміріндегі жасаған ағаттықтарына ашынып, күнәларына күйініп, өзегі өртеніп, ізгі амал жасамағаны үшін әттеңайлап өкінуі пайда бермейді. Өткен өмір өтті, енді қайтып келмейді. Тағдырымызда жазылған мерзім бітіп, ажал жеткен соң өмірге қайтып келу жоқ. Алла бізді сондай пұшайман күйге түсуден сақтандырып, мына жалған өмірде сауапты амал жасауды ескертуде:
وَأَنفِقُوا مِن مَّا رَزَقْنَاكُم مِّن قَبْلِ أَن يَأْتِيَ أَحَدَكُمُ الْمَوْتُ فَيَقُولَ رَبِّ لَوْلَا أَخَّرْتَنِي إِلَى أَجَلٍ قَرِيبٍ فَأَصَّدَّقَ وَأَكُن مِّنَ الصَّالِحِينَ
«Сендердің біреулеріңе өлім келіп, ол: «Уа, Раббым! Жақын бір уақытқа шегере тұрсаң еді, сонда садақа беріп, салихалылардан болар едім» деп айтпауларың үшін Біздің сендерге берген ризықтарымыздан жұмсаңдар (садақа беріңдер)» (Мунафиқун сүресі, 10-аят).
Адам ең көп ажалдан қорқады, өлуді емес өмір сүруді қалайды. Өлімнен қорқып бас сауғалап қашуға дейін баратын кейбір адамдардың халін аятта былайша баян етеді:
أَلَمْ تَرَ إِلَى الَّذِينَ خَرَجُواْ مِن دِيَارِهِمْ وَهُمْ أُلُوفٌ حَذَرَ الْمَوْتِ
«Мыңдаған адамның өлімнен қорқып, үй-жайын тастап, босып кеткенін білетін шығарсың?» (Бақара сүресі, 243-аят).
Алайда пенде қанша тырысқанымен де келіп тұрған өлімнен қашып құтыла алмайды. Адам баласы қанша сақтансын бәрі-бір оған белгіленген жерде өлім жетеді. Алла Тағала былай деп ескертеді: «(Мұхаммед оларға): «Расында сендер қашқан өлім сөзсіз, сендерге жолығушы», — деп айт» (Жұма сүресі, 8 аят);
«Біз араларыңда өлімді белгіледік. Сондықтан ешкім де бізден оза алмайды» (Уақиға сүресі, 60 аят).
Құранда дүниенің мысалын өткінші құбылыстарға теңейді.
Алла Тағала пенделеріне жалған дүние ақыреттің бір күніне де тең болмайтынын қатаң ескертеді. Құран бізге дүние тіршілігінің мерзімі қысқа, нығметінің аз екенін, ойын-сауыққа еріп, дүние қызығына алданып қалудан сақтандырады. Ал ақырет нығметі айтып жеткізе алмайтындай мәңгі, ондағы тіршілік пен өмір тұрақты екенін ескертеді:
وَمَا هَذِهِ الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلَّا لَهْوٌ وَلَعِبٌ وَإِنَّ الدَّارَ الْآخِرَةَ لَهِيَ الْحَيَوَانُ لَوْ كَانُوا يَعْلَمُونَ
«Бұл дүние тіршілігі – тек ойын-ермек, өткінші нәрсе, нағыз өмір – ақыретте» (Анкабут сүресі, 64-аят);
Пенде дүние тіршілігіне беріліп, бала-шағаның қамы деп, иманнан, құлшылықтан ғапыл қалмау керек. Ақыреттік амалды ұмыту немесе немқұрайлық таныту, өзекті өртейтін өкінішке ұрындыратын болады.
الْمَالُ وَالْبَنُونَ زِينَةُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَالْبَاقِيَاتُ الصَّالِحَاتُ خَيْرٌ عِندَ رَبِّكَ ثَوَاباً وَخَيْرٌ أَمَلاً
«Мал-мүлік, балалар – дүние тіршілігінің əшекейі. Ал бақилық ізгіліктер Раббыңның құзырында сауабы жағынан да қайырлы əрі (ақыреттен) үміт ету тұрғысынан да қайырлы», — деген (Кәһф сүресі, 46-аят).
Ажал айтып келмейді
Алла Тағала шексіз білімімен әрбір жан иесінің тағдырын жазып қойған. Тағдырға сәйкес ажал сәтіде жазылған. Ажал – арабша «әжәл» сөзінен келіп, «мерзім» дегенді білдіреді. Ешбір жан ажалдан қашып құтыла алмайды. Қай жерде, қай уақытта болмасын дәм тұзы таусылса, жан алушы періште өз міндетін атқаратын болады. Алла Тағала былай дейді:
﴿اللَّهُ يَتَوَفَّى الْأَنفُسَ حِينَ مَوْتِهَا وَالَّتِي لَمْ تَمُتْ فِي مَنَامِهَا فَيُمْسِكُ الَّتِي قَضَى عَلَيْهَا الْمَوْتَ وَيُرْسِلُ الْأُخْرَى إِلَى أَجَلٍ مُسَمًّى إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ﴾
«Алла жандарды өлім кезінде (ажалы жеткенде) алады. Ал (əлі) өлмегенді ұйқысында (сезімдерін тоқтатады). Өлімді үкім еткенін ұстап қалады да, ал өзгесін (ұйқыдағысын) белгілі мерзімге дейін (денесіне қайтарып) жібереді. Негізінде, осында ойланған қауым үшін (Алланың құдіретінде) сөзсіз белгілер бар» (Зүмәр сүресі, 42-аят).
Иманды жан ажалдың кез-келген сәтте келіп қалуына дайын болуы, бұйырылған парыздарды орындауы, өлместен алдын өзіне есеп беруі, амал таразысына сауап пен күнәсі тартылмастан бұрын парыз, сүннет амалдарын шынайы ықыласпен кәміл орындауы керек.
Ешбір пенде өзінің қашан және қай жерде қайтыс болатынын болжап біле алмайды. Бұл ғайыпқа тән мәлімет, оны тек Алла ғана біледі. Құранда бұл жайында былай дейді:
وَمَا تَدْرِي نَفْسٌ مَّاذَا تَكْسِبُ غَداً وَمَا تَدْرِي نَفْسٌ بِأَيِّ أَرْضٍ تَمُوتُ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ
«Ешбір жан ертең не болатынын білмейді, ешбір жан қай жерде өлетінін білмейді. Шындығында, Алла – бәрін Білуші һәм Хабардар» (Лұқман сүресі, 34-аят).
Жан алушы періште адамдардың жалбарынғанына қарамайды, Алланың әмірін орындайды. Пенденің ажалы жеткен сәтте қандай күйде, қандай халде болмасын жанын алады. Ол туралы Құранда былай делінеді:
أَيْنَمَا تَكُونُواْ يُدْرِككُّمُ الْمَوْتُ وَلَوْ كُنتُمْ فِي بُرُوجٍ مُّشَيَّدَةٍ
«Қайда болсаңдар да сендерге ажал жетеді, тіпті, тұрғызылған мұнараларда болсаңдар да» (Ниса сүресі, 78-аят).
Мұсылман пенде әрдайым өлімді еске алып, ақырет дайындығына қамданып жүруі тиіс. Себебі ажал айтып келмейді. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.у.) «Қызықтарды қиратушыны – өлімді көп еске алыңдар», – деген. (Тирмизи риуаяты).
Шәддад ибн Аус (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.у.) былай деген: «Зерек – нәпсісін төмен ұстап, өлімнен кейінгіге дайындық жасаған адам, ал дәрменсіз – нәпсісі мен қалауына еріп, Алладан шексіз үміттенген адам». (Тирмизи, Ахмад риуаяты).
Сағыд б. Масғудтан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыздан (с.а.у.) адамдар: «Мүминдердің ішіндегі абзалы қайсысы?» – деп сұрайды. Ол (с.а.у.): «Мінез-құлқы ең жақсысы», – деп жауап береді. Адамдар: «Мүминдердің ішіндегі ең зерегі қайсысы?» – деп сұрайды. Сонда ол (с.а.у.): «Өлімді көп еске алып, ең жақсы дайындық қылғаны», – деп жауап береді (Ибн Мәжә, Хаким риуаяты).
Егер жан-жануарлар пендеге келетін өлімнің, ақыреттегі сынақтардың хабарын білсе, мамыражай тіршілікті қойып, соның қамымен жүрер еді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Егер жануарлар өлім туралы сендердің білетін нәрселеріңді білсе еді, сендер олардың арасынан жеуге семізін таба алмас едіңдер» (Бәйһақи риуаяты).
Шынайы иман иесі құлшылығын да, тіршілігін де, өмірін де, өлімін де бір Аллаға арнайды. Өйткені құдіреті шексіз Құдай Тағаланың Өзі осылай бұйырған:
قُلْ إِنَّ صَلاَتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ * لاَ شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَاْ أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ
«Намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббысы Алла үшін. Оның еш серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен бойсұнушылардың алғашқысымын» деп айт» (Әнғам, 162-163-аят).
Әрбір мұсылман шексіз биліктің, күллі жақсылықтың Иесі – бір Алла екенін жадында ұстауы тиіс. Ақыретте Алланың құзырына барамыз, әрбіріміз жалған дүниеде жасаған амалымыз үшін есеп береміз. Алланың берген ғұмырын нығмет деп біліп, әрбір уақытымызды бағалай білейік.
Мумин пенде ажалдан қорықпайды да, қайғырмайды да. Жан алушы періште оған «сәләмун алейкум» деп сәлем беріп, рухын қинамай алатын болады.
الَّذِينَ تَتَوَفَّاهُمُ الْمَلآئِكَةُ طَيِّبِينَ يَقُولُونَ سَلامٌ عَلَيْكُمُ ادْخُلُواْ الْجَنَّةَ بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ
«Періштелер ондай тақуалардың жақсы жағдайда жандарын алады да, оларға: «Сендерге есендік болсын! Істеген жақсылықтарыңа орай жәннатқа кіріңдер!» — дейді» (Нахл сүресі, 32 аят).
Ажал сәтінде пендеге амалы көрсетіледі
Кейбір адамдар өлім аузында жатқанда жанындағы адамдарды танымай бастайды. Соңғы сәтте өзінің жасаған амалы көрсетілетін болады. Мәселеге қатысты аятта былай дейді: «Осы күнде қандай адамның болса да, бұрын-соңды жасаған істері алдарына келеді» (Қиямет сүресі, 13-аят). Аталмыш аяттың тәпсірі жайында Абдуллаһ б. Аббас пен Абдуллаһ б. Мәсғуд былай деген: «Адам баласына өмірінде жасаған жақсы және жаман амалдары білдірілгені секілді, өлгеннен кейін көретін жақсы-жаман амалдары өзіне білдірілетін болады» (Ebu Cafer Muhammed b. Cerir et-Taberi, Taberi Tefsiri, Hisar Yayınevi: 8/497-498 б.)
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) ансарлық бір сахабаның ауырып, ажал сәтінде жатқанда көңілін сұрап барады. Оның хал-жағдайын біліп, не көргенін сұрағанда әлгі сахаба ақ және қара екі нәрсенің өзіне әзірленгенін айтады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол екеуінің қайсысы жақын болғанын сұрайды. Сахаба өзіне қара нәрсенің жақын болғанын айтып, дұға етуін өтінеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның өтініші бойынша дұға етеді. Сосын хал үстінде жатқан сахаба қара заттың алыстағанын айтады (Суюти. Шәрхус судур би шәрхи халил-мәутә уәл-қубур).
Өлім сәтінде иман мен тәубе қабыл болмайды
Шариғат бойынша, адам соңғы сәтінде иман ететін болса немесе тәубе ететін болса, қабыл болмайды. Себебі ажалды көріп, ақиқатқа көзі жетіп, иман ету ғайыпқа иман ету болып саналмайды. Құранда Перғауынның өлім сәтіндегі иман етуін мысалыға келтіреді. Соңғы деміне дейін иман етпестен, күпірілік етіп келген Перғауын суға тұншығатын сәтте иман еттім дейді. Алайда Алла оның иманын қабыл етпейді:
فِرْعَوْنُ وَجُنُودُهُ بَغْياً وَعَدْواً حَتَّى إِذَا أَدْرَكَهُ الْغَرَقُ قَالَ آمَنتُ أَنَّهُ لا إِلِـهَ إِلاَّ الَّذِي آمَنَتْ بِهِ بَنُو إِسْرَائِيلَ وَأَنَاْ مِنَ الْمُسْلِمِينَ. آلآنَ وَقَدْ عَصَيْتَ قَبْلُ وَكُنتَ مِنَ الْمُفْسِدِينَ
«… Перғауын суға батуға айналғанда: Исраил ұрпақтары сенген құдайдан басқа ешбір құдай жоқтығына кәміл сендім, мен мұсылман болдым», — деді. Енді ғана иман айттың ба? Сен бұрын расында қарсыласқан бұзақы едің» (Юнус сүресі, 90-91 аят).
Басқа бір аятта былай дейді:
فَلَمَّا رَأَوْا بَأْسَنَا قَالُوا آمَنَّا بِاللَّهِ وَحْدَهُ وَكَفَرْنَا بِمَا كُنَّا بِهِ مُشْرِكِينَ {84} فَلَمْ يَكُ يَنفَعُهُمْ إِيمَانُهُمْ لَمَّا رَأَوْا بَأْسَنَا سُنَّتَ اللَّهِ الَّتِي قَدْ خَلَتْ فِي عِبَادِهِ وَخَسِرَ هُنَالِكَ الْكَافِرُونَ {85}
«Олар азабымызды көргенде: Біз бір Аллаға ғана сендік, енді оған серік еткен нәрселерімізге қарсымыз, — дейді. Олардың азабымызды көргенде ғана айтқан имандары өздеріне ешқандай пайда бермейді. Бұл Алланың кәпірлерге қарсы ұстанған жолы. Бұл кезде кәпірлер зиян шегеді» (Мумин сүресі, 84-85 аят).
Сол секілді пенденің ажал алдындағы тәубесі де қабыл емес. Жан алқымға келмей тұрып, күн батыстан шықпай тұрып иман ету және тәубе ету керек. Қайшы жағдайда соңғы айтқан сөзі есепке алынбайтын болады. Матуриди сенім мектебінің ұстанымы бойынша, адамның соңғы сәтіндегі халіне қарап емес, өміріндегі амалы бойынша үкім беріледі. Яғни адам өмірін кәпір болып өткізіп, соңғы демінде иман етсе, мұсылман болып есептелмейді. Сондай-ақ өмірін иманмен өткізген жан соңғы демінде кәлимаға тілі келмей, күпірілік сөз айтып қойса, кәпір болып емес, мұсылман болып дүниеден өткен болмақ.
Мұсылман пенде әрдайым мына дұғаны жасағаны абазал болмақ:
…فَاطِر السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ أَنتَ وَلِيِّي فِي الدُّنُيَا وَالآخِرَةِ تَوَفَّنِي مُسْلِماً وَأَلْحِقْنِي بِالصَّالِحِينَ
«..Уа, жер мен көктің Жаратушысы! Бұл дүние мен ақыреттегі Ием Өзіңсің. Мені мұсылман қалпында ала гөр және игілер қатарына қос» (Юсуф сүресі, 101 аят)
Ақпарат көзі: aqmeshit.kz