Өткен жылдың қараша айында 1,5 млрд теңге жымқырды деп күдікке ілінген Перизат Қайраттың ісі жаңа фактілермен толығып жатыр, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Қаржы мониторингі агенттігінің өкілі Жеңіс Елемесовтың айтуынша «Біз біргеміз» қорының жетекшісі мүгедек балаларға жиналған 22 млн теңгені қалтасына басыпты.
«Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап оңалту орталығын саламыз деп жұрттан жылу жинаған Перизат әлгі ақшаны жеке қажетіне жұмсаған», — дейді Елемесов.
Айтпақшы, блогердің анасы да қызымен сыбайласып, біраз былыққа басын тыққан екен.
Перизат Қайратқа «алаяқтық» және «қылмыстық жолмен тапқан қаражатты заңдастыру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Агенттік өкілдерінің хабарлауынша, іс наурыз айында сотқа беріледі. Әзірге күдікті қамауда отыр, сот оның бұлтартпау шарасын ұзартқан.
Тергеушілер іс материалдарының көлемі 100 томды құрайтынын айтады.
Перизат Қайрат былтырғы жылдың қарашасында қамауға алынған. Тергеу мәліметінше ол көктемгі тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында қаражат жинағанмен, ақшаның басым бөлігін жылжымайтын мүлік пен қымбат бұйымдар сатып алуға жұмсаған.