«Қазір бұл мәселе қаралып жатыр, шамамен 10 күн ішінде біз оған жауап бере аламыз»,- деді Б. Ізмұхамбетов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 22-тамызда PetroKazakhstan акционерлері компанияны Қытайдың CNPC компаниясының еншілес кәсіпорны — CNPC International Ltd. компаниясына 4,18 млрд. долларға (бір акцияны 55 долларға) сату туралы келісімге келгенін мәлімдеді.
Сатып алу бағасы PetroKazakhstan компаниясы акцияларының Нью Йорк қор биржасында тамыздың 7 мен 19 аралығында сатылған орташа құнына 24,4 проценттік сыйақымен қоса және 19-тамызда биржа жабылған сәттегі бағаға 21,1 проценттік сыйақымен қоса есептелген.
Бұл сауда-саттықты PetroKazakhstan және CNPC International Ltd. компанияларының директорлары кеңесі мақұлдады. PetroKazakhstan компаниясы директорларының кеңесі акционерлерге CNPC International Ltd. компаниясының ұсынысын қабылдауға нұсқау берді.
PetroKazakhstan компаниясына Goldman Sachs International инвестициялық банкі кеңесшілік жасады.
Компанияны Қытайдың CNPC компаниясына сату мәселесін қарауға арналған PetroKazakhstan акционерлерінің жиналысы қазан айында өтеді. Сауда-саттықты мақұлдау үшін акционерлердің 66 проценті дауыс беруі қажет.
Сауда-саттық 2005-жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті