Петропавл: «Парасатта» 40-тан астам бүлдіршін аш жүрген - kaz.caravan.kz
  • $ 448.81
  • 476.82
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
16 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Петропавл:  «Парасатта»  40-тан астам бүлдіршін   аш жүрген

Петропавл: «Парасатта» 40-тан астам бүлдіршін аш жүрген

Ашынған ата-аналар, ашқұрсақ балалар. Солтүстік Қазақстан облысының білім беру саласында тағы да шу шықты. Бұдан бұрын Қызылжар ауданындағы Асанов мектеп интернатында балалардың зорланғанын естіп жұрт жағасын ұстаған. Бұл жолғы былық Қызылжар ауданында шықты. Бескөл кентіндегі мектепке дейінгі білім беру орталығының 40-тан астам бүлдіршіннің бес ай бойы нан мен судан басқа нәр татпағаны анықталып отыр.

  • 11 Маусым 2011
  • 530
Фото - Caravan.kz

Былтыр қыркүейекте ашылған «Парасат» шағын орталығына 3-6 жас аралығындағы 43 бала тәрбиеленеді. Ата-аналар балаларының тамағына  айына алты мың теңгеден төлеп жүр. Бірақ жаңа жылдан бері бүлдіршіндер үйге аш келетін болған.   

Айнагүл Жолтаева: 

— Аш келеді, тамақ жылытып бергенше шырылдайды. Ауыра береді, бір жұма әкелеміз он күн үйде болады, өйткені: ауыра береді.  Тіпті педиатрлар ұрысатын болды.  

Жания Төрежанова:

—  Соны естігенге дейін балалар шынымен аш жүріпті. Күні бойы нан ғана жепті. Кешке аш келеді,  үйге барғанда кәдімгідей аш келеді.

Балалардың жаңа жылдан бері ашқұрсақ жүргенін асхана меңгерушісі де мойындап отыр. Айтуынша,  бес айдан бері тамаққа деп көк тиын аударылмапты. 

Жаукеш Жәкенова, асхана меңгерушісі:

— Ата-аналар ақша бермей жатыр. Міне береміз,әне береміз деп,төрт ай созды гой. Сөйтсек, артық төлем болған екен.   

Әйтеуір балалар аштан қатпас үшін директор аспаздарға мың теңге ұстатып келген.  

Жанат Әбләзімова, аспаз:


— Күніне  бізге мың теңге береді. Сол ақшаға тамақ алып келдік. Тауықтың бір шоқым етін сатып алып, тамақ әзірлейміз. Бір мың теңгеге  43 баланы тамақтандыру оңай емес.

Мектеп директоры бұл жағдайға ақшаның басында жүрген есепшіні   кінәлап отыр. Тіпті онымен ауыз жаласқан асхана меңгерушісі өзіне тиесілі ақшаны толығымен «баяғыда-ақ алған» дейді.  

Гүлнәр Әбішева,  «Парасат» мектеп лицейінің  директоры:

Менің тарапымнанбақылаудың  аздығы болды.  Қоғамдық жұмыстармен кетіп қалдым.  Наурыз- сәуірде болған оқиға ғой… Мен ойлаймын, бухгалтер мен Жакенованың жаман іс әрекеттері деп.

Аудандық білім бөліміндегілер де орталықтағы жағдай жөнінде мүлдем басқа пікірде. Олардың айтуларынша, барлық мәселе шешіліп қойыпты. Осында қалған 22 бала үш мезгіл тамақ ішеді екен. Бірақ балабақшаның тоңазтқышынан 22 балаға арналған азық-түлік көрмедік.

Қазір  аталмыш оқиғаға байланысты аудандық прокуратура тексеру жүргізуде. Ал ата-аналар мектеп әкімшілігінің толығымен қызметтен кетуін талап етіп отыр.

Соңғы жаңалықтар