2002-жылдың 29-қыркүйегінде қала көшесімен жылдамдықты асыра жүйткіп келе жатқан Е.Бөтенбаев 23 жастағы Евгений Лукьяненконы қағып кету салдарынан алған жарақаттан ол бірнеше күннен кейін ауруханада қайтыс болған болатын. Е.Бөтенбаев оқиға орнынан қашып кетумен шектелмей, өзінің «Ауди» автокөлігі ұрланды деп полицияға жалған мәлімет берген. Алайда, алдын ала тергеу және сот мәжілісі кезінде оның айыбы толықтай мойнына қойылған. Бұрынғы облыстық прокуратура қызметкері жол апаты болған кезде мас болды деген жорамалды ғана дәлелдеу мүмкін болмады.
Қызмет бабындағы тексеруден кейін Е.Бөтенбаев прокуратурадан жұмыстан шығарылды, алайда ол өз айыбын мүлдем мойындамай отыр. Сот бұрынғы прокуратура қызметкеріне берілген оң мінездемені және қылмысты ауырлататындай жағдайлардың жоқтығын ескеру негізінде аталмыш қылмысты абайсызда орын алған қылмыстың қатарына жатқыза отырып айыпкерді үш жылға бас бостандығынан айыруға және оны түрме-мекенге жіберуге үкім шығарды. Сондай-ақ, ол осы мерзімде автокөлік құралдарын жүргізу құқығынан айрылды.
Қайтыс болған Е.Лукьяненконың ата-анасы мен әпкесі моральдық және материалдық шығынның орнын толтыру жайында сотқа азаматтық шағым түсірмекші.