Петропавлда 5 қабатты үйдің төбесі опырылды - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 518.99
+28 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Петропавлда 5 қабатты үйдің төбесі опырылды

Петропавлда 5 қабатты үйдің төбесі опырылды

Петропавлда көпқабатты үйдің төбесі опырылды. Бетон плита шатырды түгел жапырып өтіп, барлық құбыр желісін зақымдаған. Салдарынан төбеден сорғалаған су жоғарғы қабаттағы пәтерлерді басып қалды.     

  • 21 Қараша 2012
  • 370
Фото - Caravan.kz

Үйдің ішінен судың иісі шығады, сасып жатыр, төбе болмағасын үйдің іші суық.

Марал Тілегенова шатырға шығып, қақ бөлінген бетон плитаны күнде тексеріп тұрады. Ауыр плита пәтерінің төбесін тесіп түсе ме деп қорқады қария. Қазір жалғызілікті зейнеткер бар мүлкін буып-түйіп, туыстарына  көшіп кетіпті.

Марал Тілегенова, Петропавл қаласының тұрғыны:

— Құлады, құлағаннан кейін, ананың бәрі жарылды, содан төбеден де қар еріп жатыр, дала жылы болғанда қар ериді, сосын мына жердің бәрінен сарылдап су ағады. Міне, төбе су болып тұр. Бәрі шылқылдап жатыр.

Шатырдың техникалық қабатындағы бетон плитаны жауын мен қар суынан қорғайтын материалдар 40 жылдан бері жаңартылмаған. Салдарынан талай жыл дымқылданып тұрған плита үгіліп, ақыры опырылыпты. Төбеден сорғалаған судан шаршаған жоғары қабаттың тұрғындары жыл сайын шатырды өз күштерімен жамап-жасқап келген. Бірақ одан нәтиже шықпағаны көрініп тұр.    


Қанат Баймұхаметов, Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясының бастығы:

— Арнайы техника керек. Оның көмегімен бетон плитаны алып тастап, төбені уақытша ағашпен жабамыз. Ал жазда шатырға күрделі жөндеу жүргіземіз.

Арнайы техника бұл үйге тек түс ауа ғана жетті. Оның көмегімен мамандар екіге бөлінген бетон плитаны жерге түсірді.

Қазір Петропавлдағы көпқабатты үйлердің 30 пайызының шатыры шіріп тұр. Тағы 40 пайызына жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Бірақ бұл үйлердің тұрғындары ақша жинап, өз күштерімен төбе жөндемек түгілі, тіпті Үкімет ұсынған баспаналарды модернизациялау бағдарламасын пайдаланғылары жоқ. Олар тек мына үйдегідей бетон плита құлап, іс насырға шапқанда ғана ойланатын сыңайлы.