Новосібірде жасалған аялдамалар жазда салқындатқыштары болмағандықтан жабық тұрған. Енді Қызылжарға қыс келсе де, оны қайта іске қосуға асығып жатқан ешкім жоқ. Аялдамалардың әрқайсының құны 9 миллион теңге. Жыл басында атқамінерлер шахардың әр шетіне осындай 9 аялдама орнатамыз деп соққан. Алайда онысы екеуден әріге аспады. Енді сол екеудің өзі жабық тұр. Шенеуніктер мұны аялдамаларды жетілдіріліп жатқанымен байланыстырады.
Азат Бейсембин, Петропавл қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
-Былтыр бұл аялдамалар инфрақызыл сәулелермен жылытылған. Биыл жылыту жүйесі өзгертіледі. Ғаламтордың қолдану аясы кеңейтілмек. Бір сөзбен айтқанда, аялдамалар қайта жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталса болды, аялдамаларды қайта ашамыз.