Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұровтың айтуынша, нан бағасын арзандату қажеттілігі қала тұрғындарының арыз-шағымдарына байланысты туындап отыр. Олар 2003-жылдың желтоқсан айынан бері бірінші сортты нан бағасы бір емес, екі мәрте қымбаттап, 1-қаңтардан бері 29 теңгеге жеткеніне наразылық білдіреді.
Кеңеске облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің директоры Олег Пономарев, Петропавл қаласының әкімі Владимир Никандров, «Петропавл нан-тоқаш өнімдері комбинаты» ААҚ-ның басқармалары төрағасы Нұрлан Шахмановтар қатысты.
Кеңес соңында журналистерге арнаған мәлімдемесінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі бас қосуда нан бағасын арзандатуға мүмкіндік беретін бірқатар шешімдер қабылданғанына сендірді. Атап айтсақ, кәсіпорынды тиімді бағамен астықпен қамтамасыз ету тұрғысында «Азық-түлік келісім-шарты корпорациясы» ЖАҚ-мен арадағы мәселе реттелді. Сондай-ақ, жуырда қаладағы барлық ірі кәсіпорындарда «Петропавл нан-тоқаш өнімдері комбинаты» ААҚ-ның фирмалық дүкендері ашылады. Қазір олардың саны небәрі 12 ғана.