Петропавлда еліміздегі жалғыз жеке меншік қарттар үйі жұмыс істейді
|
Петропавлда еліміздегі жалғыз жеке меншік қарттар үйі жұмыс істейді. Он жыл бұрын бұл мекемені қызылжарлық қайырымды жан ашыпты. Қазір өзі шетел асып кетсе де, ғимаратты паналап қалған қарттар мекемені жаптырмай, сақтап қалған. Зейнетақыларының 90 пайызын мекеменің қажеттілігіне беретін олар, мұнда 14 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр екен.
Шаһар сыртындағы екі қабатты қарттар үйі бүгінде 30 қарияға пана. Олардың ең егдесі тоқсанды алқымдапты. Жеке меншік қарттар үйінің жалғыз табыс көзі - осында тұратындардың зейнетақысы. Ақшаларының 90 пайызын олар келісім бойынша әкімшілікке береді. Бұл қаржы 14 адамға еңбекақы төлеп, тұрғындардың тамағы мен отын, көміріне толық жетеді екен.
Тамара Малитина, Қарттар үйінің атқарушы директоры:
- Әдетте бізге тұрмысы нашар отбасында тұратын қарттар келеді. Бірі алаяқтарға алданып, пәтерсіз қалса, екіншілеріне балалары мен немерелері күн бермеген.
Мұндағы қарттар ала жаздай тыным таппайды. Көкөніс егіп, қысқы азықтарын өздері қамдайды. Мал да ұстайды. Сондықтан еттен таршылық көрген емес. Қорадағы малды күтіп бағу Виктор Ершовтың міндеті. Оның пәтерін қызы айтпай сатып жіберген екен. Бірнеше ай көше кезген қария осы жерден пана тауыпты.
Виктор Ершов, Қарттар үйінің тұрғыны:
- Әлің келсе жұмыс істеу керек. Мен қарттар үйінің аумағына қоралар мен түрлі шаруашылық нысандарын өз қолыммен салдым. Биыл да жаңа асхананың негізін қалап қойдым. Алдағы жазда қабырғасын көтерем деп отырмын.
Жеке меншік қарттар үйінің мемлекеттік мекемеден айырмашылығы бар. Мәселен, үкіметтік үйге орналасу үшін қарияның мұрагерлері егде тартқан туысынан ресми түрде бас тартуы тиіс. Бұл қарттар үйінде мұндай талап жоқ. Тек өз аяғымен жүретін болса болғаны. Өйткені мүгедек жанға күтуші жалдауға төлейтін ақша қат екен.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін