Петропавлда мыңнан аса жер үй тұрғындары күздің қара суығында жылусыз отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Петропавлда мыңнан аса жер үй тұрғындары күздің қара суығында жылусыз отыр

Петропавлда мыңнан аса жер үй тұрғындары күздің қара суығында жылусыз отыр

Петропавлда мыңнан аса жер үйдің тұрғындары күздің қара суығында жылусыз қалды. Өйткені, жылу тарату мекемесінің “құбырларды тазартып, жылу есептеуіш құралын орнатыңдар” деген талабын орындауға барлығының шамалары келмеген. Енді жылу маусымы басталғанда түгел орталық жүйеден ажыратылып отыр.

  • 25 Қазан 2012
  • 394
Фото - Caravan.kz

Петропавлдың Кирпичная ықшамауданы тұрғындарының жылу беруші мекеме өкілдерімен кездесуі айғайға ұласты. Қаладағы көпқабатты үйлерге баяғыда-ақ жылу берілген болса, бүрсең қаққан жер үйлердің тұрғындары теріскейдің күн сайын қысып бара жатқан суығына шыдар емес.  

Әсия Тиыштыбаева, Петропавл қаласының тұрғыны:

Кішкентай балаларымыздың бәрі ауырып жатыр. Барлығымыз зейнеттеміз, үйіміз болса сұп-суық. Далаға шықтық.

Орталық жылу жүйесіне қосылған бұл үйлерде пеш қоятын жер  қарастырылмаған. Ал биылдан бастап, үкімет қаулысына сай тұрғындар  жылу есептегіш құрал орнату керек. Сондай-ақ, өз қаржыларына құбырларды тазалап, оны су құйып тексеру керек болатын. Арнайы нұсқаулық халыққа көктемде таратылып берілген. Бұл талаптарды орындамай тұрып, жылуға өздігінен қосылмас үшін монополистер құбырларды тығындап кетіпті.   

Әсия Тиыштыбаева, Петропавл қаласының тұрғыны:

— Сонда бізге айтады есептегіш қойыңдар, 150 мың, әр пәтерден  30 мың, ондай ақшаны біз қайдан аламыз. Зейнеткерміз.

Тұрғындар бас көтергеннен кейін, жылу беруші мекеме жұртты әбден қыспаққа алғандарын түсінген сияқты. 


Андрей Дубков, «Петропавл жылу тарату орталығы» ЖШС бас инженері:

— Тығырықтан шығар жолды іздеп жатырмыз. Егер тұрғындар құбырларын жуып-шайып, үйдегі жылу жүйесін қысқа дайындаса, біз оларды есептегіш құралсыз-ақ жылуға қосамыз. Тек келесі жылы есептеуіш құралын орнатамын деген кепіл хат берсе болғаны.

Құбырларды жуып-шайып, үйдегі жылу жүйесін қысқа дайындайтын маманды шақырудың өзі мұң екен. Бұл жұмысқа қыруар қаржы төлеу былай тұрсын, маманның өзін екі апта күту қажет. Ал күн күрт суыса, құбырдағы су қатып, жылу жүйесі мүлде істен шыға ма, деп қорқады жұрт. 

Қазір қаладағы 1300-ден астам жер үйлердің тек 300 ғана орталық жылу жүйесіне қосылған. Қалғандары осы уақытқа дейін үйлерінде бүрсең қағып отыр. Ал теріскейдің аяздары күн сайын қысып барады. Бүгін түнде Петропавлда минус он градус аяз тұрды.

Соңғы жаңалықтар