Петропавлда зағиптарды қолтығынан демейтін жандар айлығын көтеруді талап етті - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Петропавлда зағиптарды  қолтығынан демейтін жандар айлығын көтеруді талап етті

Петропавлда зағиптарды қолтығынан демейтін жандар айлығын көтеруді талап етті

Петропавлда зағиптардың жеке көмекшілері жалақыларының аздығын айтып шағымданды. Жанарынан айырылған бір адамды түрлі мекемелерге жетектегені үшін қазір олар айына 3500 теңге алады екен. Бұл қаржы отбасын асырамақ түгілі, мүмкіндігі шектеулі жанмен бірге жүру үшін кететін жолақыдан да артылмайды. Мұндай ақшаға жұмыс істеуге екінің бірі келіспейтіндіктен, мүгедектердің дені үйлерінен шыға алмай қалған.

  • 21 Қараша 2015
  • 283
Фото - Caravan.kz

Наталья Аленкина бірінші топтағы мүгедек Ғалымжан Сатановтың күні бойы жанынан шықпайды. Аурханаға, тіпті моншаға жетектеп апарады.  Бұрын оның бұл жұмысы «әлеуметтік қызметкер» деп аталатын. Онысы үшін  42 мың теңге айлық та алып тұрған. Үш жыл бұрын бұл жүйеге өзгеріс енгізілгенде, қызметі «жеке көмекші» деп өзгеріпті. Енді жалақысы жұмыс істеген сағатына қарай есептеледі.

Наталья Аленкина, мүгедектің жеке көмекшісі:

-Бір сағатқа 158 теңге аламын. Бір мүгедекке айына 25-30 сағат қана есептейді. Сонда айлығым төрт мың теңгеге де жетпейді. Бұрын жалақымыз  42 мың теңге болғанда бұл қызметке тек медициналық немесе педагогикалық білімі барлар ғана іріктелетін. Қазір кім көрінгендер жүр.

Көмекшілерінің осындай сомаға ғана жұмыс істеп жүргені жанарсыз жандардың да жанына батады. Олар бүгін зағиптар қоғамының басшылығы мен шенеуніктердің жағдайды түсіндіруін талап етті. 

Ғалымжан Сатанов, бірінші топтағы мүгедек:

-Бір кісіге үш жарым мың алады. Ол жолына да жетпейді. Ол кісі қалай өмір сүреді? Қалай жүреміз?

2012 жылдан бастап мемлекет зағиптарға көрсетілетін бұл қызметті тендерлік жүйеге көшіріпті. Биыл байқауды «Адон Север» деп аталатын қоғамдық ұйым жеңіп алған. Алғашында 11 миллион теңгеге қойылған лотқа олар 8 миллион 500 мың теңге берген. Ал бұл соманы зағиптардың  көмекшілерінің санына бөлгенде, бір сағатқа 158 теңгеден шыққан.  


Әлима Бекназарова, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Бұл жағдайға біз де алаңдаулымыз. Аз ғана сомаға  қалай бұл жұмыстың сапасын талап ете аламыз. Ал заңның аты заң. Тендерді ең төмен баға қойған фирма ұтып алады. 

Қазір Петропавлда 300-ден астам зағип тұрады. Оларға 150-дей жеке көмекші қызмет көрсетеді екен. Қалалық жұмыспен қамту бөлімі Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігіне тендер шарттарын өзгерту туралы хат жолдапты. Әзірге оған жауап жоқ. 

Соңғы жаңалықтар