Пияз қымбаттап, күріш арзандап жатыр: Шілдеде азық-түлік бағасы қандай болмақ? - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-4 °C
Алматы
2025 Жыл
8 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Пияз қымбаттап, күріш арзандап жатыр: Шілдеде азық-түлік бағасы қандай болмақ?

Пияз қымбаттап, күріш арзандап жатыр: Шілдеде азық-түлік бағасы қандай болмақ?

Негізгі азық-түлік өнімдері бір жыл ішінде орта есеппен 9,3%-ға қымбаттаған.

  • 10 Шiлде
  • 11
Фото: Pinterest

Қазақстан билігі елдегі инфляция деңгейі баяулағанын мәлімдеді. Десе де, халық тұтынатын негізгі азық-түлік бағасы әлі де өсіп жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы 1 шілдеде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) орташа баға индексі жылдық есеппен 109,3%-ды құрады. Яғни, негізгі азық-түлік өнімдері бір жыл ішінде орта есеппен 9,3%-ға қымбаттаған. Алайда бұл өсім барлық тауарға бірдей емес, кейбірінің бағасы бір жарым-екі есе көтерілсе, басқалары керісінше арзандаған. Бұл туралы inbusiness.kz мәлімдеді.

Бағасы ең қатты өскен өнімдер

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, бір жылда ең көп қымбаттаған өнім – пияз. Оның бағасы 92,8%-ға өскен. Қазіргі таңда пияздың бөлшек саудадағы бағасы өңірге қарай 160-тан 296 теңгеге дейін ауытқып отыр. Маусым мезгіліне қарамастан, пияз бағасы былтырғыдан әлдеқайда жоғары және әлі де өсу үстінде.

Екінші орында – картоп. Оның бағасы 49,6%-ға артқан. Шілде айындағы орташа баға 215–368 теңге аралығында. Морковь (сәбіз) 35,5%-ға қымбаттап, 218–418 теңге көлемінде сатылып жатыр.

Күнбағыс майының бағасы 29%-ға өсіп, литрі 736–867 теңгені құрап отыр. Сиыр етінің (жауырын мен төстік бөлігі) бағасы 16%-ға өскен: 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша, оның килограммы 2654–3288 теңге аралығында сатылуда.

Тіпті тауық еті (сан және жіліншік бөліктері) де 6,9%-ға қымбаттаған. Бюро мәліметіне сай, бір килограммы еліміздің өңірлерінде 1229–1735 теңге аралығында сатылып жатыр.

Бағасы төмендеген тауарлар

Көкөніс пен ет өнімдеріне қарағанда, жарма және макарон өнімдерінің бағасы соңғы бір жылда төмендеген.

Күріштің бағасы 16,5%-ға арзандап, бір килограммы 315–469 теңге шамасында. Қарақұмық (гречка) 12,1%-ға арзандаған – 168–220 теңге аралығында сатылып жүр. Салмақпен сатылатын рожки (макарон түрі) 2,9%-ға төмендеп, бағасы 254–392 теңге деңгейінде. Сонымен қатар, бірінші сұрыпты ұн (148–306 теңге) мен осы ұннан жасалған нан (166–273 теңге) де арзандаған.

Бұл өнімдер қазіргі уақытта тұтынушылар үшін баға жағынан оң динамика көрсетіп отырған санаулы тауарлар қатарында.

Қант бағасы қандай?

Қанттың бағасы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, бір жыл ішінде қант небәрі 2,4%-ға қымбаттаған. 1 шілдедегі жағдай бойынша, оның бір килограммы өңірге байланысты 386-474 теңге аралығында. Бұл бөлшек саудадағы орташа бағалар. Онлайн платформаларда және сауда желілерінде де қант бағасы осы деңгейде сақталған: әсіресе, буып-түйілген өнімдер 380–480 теңге аралығында сатылып жатыр.

Ең қымбат өңірлер қайсы?

Ресми деректерге сәйкес, көкөністер мен майдың ең жоғары бағасы Семей, Алматы, Өскемен және Петропавл қалаларында тіркелген. Ал ең арзан өңірлер – Шымкент, Тараз және Қызылорда, бұл жерлерде көптеген тауарлардың бағасы басқа аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Мысалы, Алматыда пияздың килограммы 271 теңге болса, Таразда – небәрі 160 теңге. Семейде картоп 368 теңге тұрса, Түркістанда – 215 теңге. Петропавлда сәбіздің бағасы 418 теңге болса, Қызылордада – 258 теңге. Яғни, негізгі азық-түлік бағасы бойынша өңірлер арасындағы айырмашылық 1,5 есеге дейін жетеді.

Азық-түлік бағасы өңірлерге байланысты әлі де едәуір өзгеріп отыр. Әсіресе, көкөністер бойынша айтарлықтай өсу байқалады. Ал жарма, макарон мен ұн өнімдері әлдеқайда тұрақты болып тұр. Бұл үрдіс жылдың соңына дейін сақтала ма, жоқ па, оны алдағы айлар көрсетеді.

Перейти к новостям спорта