Полицейлер жол апаты кезінде жұлынып қалған адам аяғын көлік ішінде ұмытып кеткен - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Полицейлер жол апаты кезінде жұлынып қалған адам аяғын көлік ішінде ұмытып кеткен

Полицейлер жол апаты кезінде жұлынып қалған адам аяғын көлік ішінде ұмытып кеткен

Теміртауда полицейлер жол апаты кезінде жұлынып қалған адамның аяғын көлік ішінде ұмытып кеткен. Тәртіп сақшылары көлікті иесінің үйіне ішінде жатқан аяқпен бірге әкеп тастапты. Ауруханаға аяқсыз жеткізілген зардап шегушінің жақындары бұл сұмдықты көріп жағаларын ұстады. Енді олар оқиға орнын жіті тексермей, қызметтеріне атүсті қараған полиция қызметкерлері жазаға тартылуы тиіс деп отыр.

  • 17 Қараша 2012
  • 402
Фото - Caravan.kz

Теміртау қаласынан шыға берісте көктайғақта тізгінге ие бола алмаған ВАЗ көлігі қарсы бағытта келе жатқан автобусқа соғылған. Қатты соққыдан жеңіл көлік қақ бөлініп қалыпты. Автобустағылар дін-аман, Жигули жүргізушісі де жеңіл жарақат алған. Тек қасындағы жолаушысы, 38 жастағы Александр Ансиферов оңбады. Апат салдарынан оның бір аяғы жұлынып кеткен.

Виктор Ансиферов, Александрдың ағасы:

Көлікті жүргізушінің ауылына әкелгенде көріністі қызықтауға барлығы жиылған ғой. Сол жерде салонында жатқан аяқты көріп төбе шаштары тік тұрды барлығының. Ал полиция қалай көрмеген ол аяқты? Апат орнында ешқандай жұмыс жүргізбеген. Тіпті сөзім жоқ бұларға.

Көліктен табылған аяқты оның туыстары суық жерге тығып тастаған. Ал полиция қызметкерлері екі күн өткенде ғана ес жиып өздері апарып тастаған көліктегі аяқты алып кетуге келіпті. Айтуларынша, заттай айғақ ретінде керек болыпты оларға.

Ольга Короткова, Александрдың қарындасы:


Аяқты бізге беріңдер деп тұрып алды. Сөйтіп куәгерлердің көзінше табыстап, камераға түсіріп алдық. Дәрігерлермен сөйлескенімде егер 2 сағат ішінде жұлынған дене мүшесі жеткізілсе, оны жалғауға әрекет жасауға болар еді дейді. Мейлі ол жалғанбаса да, полиция тарапынан сорақылық кетті деп санаймын.

Александр араға 3 күн салып бүгін ғана ес жиды. Соның тілеуін тілеп отырған туыстары бұл хабарға да бір серпіліп қалды. Полиция басшылығы апат орнына бұрын жетіп, жарақат алған азаматты алып кеткен жедел жәрдем қызметін кінәлайды. Ес-түссіз жатқан адамның аяғының жоқтығын көрсе, ең бірінші солар дабыл қағу керек болған. Ал полиция апат хаттамасын толтырумен айналысады. Дегенмен аталған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Ал зардап шегуші тарап полиция жұмысына  айтар шағымы болса, өзіндік қауіпсіздік басқармасына арыз түсіруіне әбден болады дейді олар.

Соңғы жаңалықтар