Польша мемлекеті Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға талпыныс білдіруде - kaz.caravan.kz
  • $ 514.93
  • 536.04
-15 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Польша мемлекеті Қазақстанмен арадағы  сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға талпыныс білдіруде

Польша мемлекеті Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға талпыныс білдіруде

Польша мемлекеті Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға талпыныс білдіруде. Бұл туралы бүгін, 18-қыркүйекте Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Польшаның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің сауда жөніндегі кеңесшісі Збигнев Сверчиньский мен бірқатар Польшалық компаниялардың басшылары мәлімдеді.

  • 18 Қыркүйек 2003
  • 2292
Фото - Caravan.kz

Баспасөз мәслихатына қатысушылардың айтуынша, Польшалық компаниялар тау-кен өнеркәсібі саласында Қазақстандық кәсіпоырндармен ынтымақтастық орнатуға мүдделі.

Warynski Trade компаниясының коммерциялық директорының орынбасары Лех Казимеж Капацкидің хабарлауынша, алдағы жылы Польшалық компаниялар Қазақстанда екі кен байыту зауытын салуға шамамен 4-4,5 млн. доллар жұмсауды жоспарлап отыр. Компания аталмыш екі жобаның бас мердігері , ал Қазақстан жағы тапсырыс беруші ролін атқарады.
Атап айтсақ, Алматы облысында құны 2-2,5 млн. доллар тұратын ұнтақтап-сорттағыш зауыт салынады. Қиыршық тас өндіруші зауыт құрылысын салуға Польшалық 4 компания жұмылдырылмақ. Құрылыс жұмыстары 2004-жылдың қаңтар айында басталып, сәуір айында пайдалануға беріледі. Зауыттың қуаты жылына 1 млн. тоннаны құрайды. Ал Қарағанды облысында алдағы жылдың екінші тоқсанында құны 2 млн. долларды құрайтын кокс өндіру зауыты салына бастамақшы. Құрылыс жұмыстарын жарты жылда аяқтап шығу көзделген. Бұл жобаны жүзеге асыруға Польшаның 4-6 компаниясы жұмылдырылады.
Польшаның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәліметіне жүгінсек, қазіргі жағдаймен Қазақстанда 50 Бірлескен кәсіпорын, сондай-ақ, Польшалық компаниялардың 15 филиалы мен өкілдігі ашылған. Олар негізінен геофизика, мұнайгаз, фармацевтика өнеркәсібі, машина жасау, жиҺаз өндіру тәрізді салаларда жұмыс істейді.
Үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында екі ел арасындағы тауар айналымы 208,8 млн. долларды, соның ішінде Қазақстан экспорты 164,4 млн. долларды, импорт — 44,4 млн. долларды құрады. Ал 2002-жыл бойы жалпы тауар айналымы 392 млн. долларды, соның ішінде экспорт 320 млн. долларды, импорт 72 млн. долларды құрады.
Қазақстан негізінен Польшадан медицина, құрылыс және ауылшаруашылығы саласындағы әртүрлі жабдықтар сатып алады. Ал Қазақстаннан мұнай, газ, түсті металл тәрізді шикізат түрлері шығарылады, соның ішінде Қазақстанның Польшаға шығаратын экспорттық өнімінің 91 процентін мұнай экспорты иемденеді.