Жарияланды: 500

Польшада Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың қабіріне естелік тақта орнатылды

Польшада Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың қабіріне естелік тақта орнатылды

Польшаның солтүстік-батысында орналасқан Пила қаласындағы әскери зиратта Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың бейітіне орнатылған естелік тақтасының салтанатты ашылуы өтті.

Рәсімге ұлы Георгий Нұрлыбаев пен басқа туыстары, Варшавадағы Қазақстан Елшісі Ерік Өтембаев, туған өлкесі - Оңтүстік Қазақстан облысының, Велькопольска воеводствосы мен Пила қаласының жергілікті билік органдары мен БАҚ өкілдері қатысты. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады. 1922 жылы туылған Ж. Нұрлыбаев Ұлы Отан соғысындағы әскери жолын 1942 жылы Сталинград маңында бастады, көптеген шайқастағы батылдығы үшін талай рет орден-медальдармен марапатталды. Кеңес Одағының Батыры атағы оған 1945 жылдың 30 қаңтарында Лукас Кройц қаласында (Кжыж Велькопольский) қаза тапқанынан кейін берілді. Соғыстан кейін Пила қаласындағы совет және поляк жауынгерлері зиратының № 273 майдандастар бейітіне қайта жерлеу барысында Ж. Нұрлыбаевтың аты-жөні қате жазылған болатын, сондықтан да оның отбасы жерленген орнының қайда екенін білген жоқ. Міне, 68 жыл өткеннен кейін поляк және орыс іздестірушілері, Поляк қызыл кресі, Велькопольска аймағының билік органдары мен Варшавадағы ҚР Елшілігінің көмегімен Ж. Нұрлыбаевтың бейіті табылып, майдандастар басына қойылған тастағы аты-жөні түзетіліп, батыр аты жазылған естелік тақтасын орнатуға поляк тарапының тиісті рұқсаты алынды. Пиладағы бейіт басында сөйлеген сөзінде ҚР Елшісі Ерік Өтембаев поляк тарапына естелік тақтайшасын орнатуда үлкен қолдау көрсеткені үшін және арасында қандастарымыз аз емес Польшада жерленген жауынгерлердің естелігін аялап сақтап жүргендері үшін алғысын білдірді, осындай сыйластық екі елді шынайы жақындасуына оң септігін тигізетінін айтты. Велькпольска воеводствосының вице-маршалегі Томаш Бугайский рәсімнің терең жатқан маңызы отандастарының сол сәтте фашизмді жеңу үшін Польшада қаза тапқан азаматқа ғана емес, жер айдалған поляктармен қиын кезеңде бір үзім наны мен шаңырағын бөліскен бүкіл қазақ халқына деген құрметін көрсетуінде жатқанын атап өтті. Естелік тақтасын салтанатты түрде ашқаннан кейін майдандастар бейітінің басында Құран оқылып, гүл шоқтары қойылды, туысқандары қабіріне бір уыс қазақ жерінің топырағын салып, марқұм отандасымыз жатқан поляк жерінің бір уыс топырағын алып кетті. Рәсімнің ерекше сипатын Поляк армиясының Пила гарнизонының командирі подполковник Томаш Чешляк бастаған құрметті қарауыл айшықтап тұрды. Соңынан өткен Пила қаласы әкімшілігіндегі жергілікті билік органдарымен өткен кездесуде Елші Ерік Өтембаев пен Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының хатшысы Құдайберген Ержан поляк сұхбатшыларымен іскер қатынастар орнату мүмкіндігін талқылап, ОҚО мен Велькопольска воеводствосы арасында 2003 жылы бастауын тапқан серіктестік қатынастарын белсендіру бойынша бірлескен іс-қимыл туралы уағдаласты. Қалай болғанда да, вице-маршалек Томаш Бугайский атап өткендей, «Ынтымақтастық, әрине, дамуы тиіс. Дегенмен бірде бір хаттама екі елді Жолдыбай Нұрлыбаев секілді батырлар естелігін сақтаудағы бауырластық сияқты жақындата алмайды».

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін