Хабарда айтылғандай, 2012 жылдың ақпан айында болған футбол матчындағы төбелеске қатысқаны үшін үкімін күтіп жатқан 39 тұтқынды басқа түрмеге ауыстырған соттың шешіміне наразылық білдірген жүздеген адам шеруге шықты. Наразы жұрт соттан бұл шешімді өзгертуді талап етіп отыр. Шерушілер полиция өкілдерімен қақтығысып қалды. Тәртіп сақшылары оларды тарату үшін көзден жас ағызатын газды қолдануға мәжбүр болды.
muslim.kz сайтының жазуынша, қақтығыс кезінде құқыққорғау органының бір қызметкері қаза тапты. Тағы бір шенді қызметкер аяғынан жараланды.
Порт Саид стадионындағы төбелес өткен жылдың ақпан айының 1-і күні болған еді. Сол күні жергілікті «әл-Масри» клубы мен каирлік «әл-Ахли» командасының ойыны кезінде футбол алаңына жүгіріп шыққан бір жанкүйер астаналық футболшыны бас-көз демей төмпештеп ала жөнеледі. Мұның арты жаппай төбелеске ұласып, 73 адам шығар есікке жапатармағай ұмтылған жұрттың табанына тапталып өледі. Мыңдаған адам жарақат алған болатын.
Бірнеше ондаған адам кінәлі деп танылады. Олардың арасында төбелес кезінде бір-біріне жұдырық ала жүгірген жұртты ажыратудың, ара түсудің орнына қарап тұрған полиция қызметкерлері де бар. Ақпанның 16-ы күні сот 21 кінәліні өлім жазасына кескен болатын. Ал наурыздың 9-ы күні қалған 39 тұтқынның тағдыры белгілі болады.
Өлім жазасы Порт-Саидтағы тәртіпсіздікке алып келді. Түрмені басып алмақ болып әрекеттенген тұтқындардың туыстары полициямен қақтығысып қалды. Осының нәтижесінде 30-ға тарта адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. Порт-Саидқа әскердің бір бөлігі келгеннен кейін жағдай қалыпқа түскендей болды.