Премьер триллиондарды игере алмаған әкімдердің шаңын қақты - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Премьер триллиондарды игере алмаған әкімдердің шаңын қақты

Премьер триллиондарды игере алмаған әкімдердің шаңын қақты

Триллиондаған теңгелер тағы игерілмей қалған! Әкімдер жұрттың әлеуметтік жағдайын жақсартуға деп бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны биыл да ұқсата алмады. Жыл аяқталып қалғанымен қазынаның бір жарым триллион теңгесі әлі сол күйі қозғалмаған. Салдарынан мыңдаған отбасы баспанасыз қалды. Ал, қаншама үй жылу, жарық, суға жарымай отыр.  Бүгін үкіметтегілер жергілікті биліктің бұл әрекетін алаяқтық деп айыптады.

  • 24 Қараша 2015
  • 559
Фото - Caravan.kz

Әдетте, есікті жауып алып кеңесетін Үкімет бүгін таңқалдырды. Тілшілерді арнайы шақыртып, бірнеше сағат бойы бюджеттің триллиондарын есептеді. Бұл жолы да халықтың жағдайын жақсарту үшін бөлінген ақшаның 60 пайызы ғана игеріліпті. Әкімдер сонда да тойымсыз деп шүйлікті бүгін Үкіметтегілер.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

-Біріншіден, мемлекеттік органдар ақшаны оңды-солды шашып үйреніп қалған. Биыл бюджетті жоспарлағанда аймақтар сұраған қаржыны 2 триллион теңгеге қысқарттық. Әкімдердің қолын биыл қайтарсаң, келесі жылы қайта өтініш жазады.  

Бірақ, сол әкімдер бар ақшаны ұқсата аламай отыр. Мәселен, баспана салу үшін биыл қазынадан 140 миллиард теңге бөлініпті. Соны шенеуніктер орынды жұмсай алмаған. Салдарынан қаншама отбасы үйсіз жүр. 

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министі:

Жалға берілетін үйдің құрылысына келсек, бюджеттен бөлінген 92 миллиард теңгенің тек 51 миллиарды игерілген. Ал, құрылысы бұрын басталған жобаларды аяқтау үшін 30 миллиард теңге қарастырылған. Жалпы,бұл салада 355 миллион теңге игерілмей қалалады деген қауіп бар.

Сондай-ақ, жұртты жұмыспен қамту бағдарламасына, жылу жүйесі мен су құбырларын жаңартуға бөлінген қаржы да желге ұшқан. Әсіресе, Павлодар, Жамбыл, Алматы, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы жағдай сын көтермейді. Ең сорақысы қара тізімді Астана бастап тұр. Елордадағы шенеуніктер 7 миллиардқа жуық теңгені ұқсата алмапты.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

-Астана! Кто у нас? 13 процентов …

Бюджет қаржысының орынды жұмсалуына қатысты Бас прокуратура да тексеру жүргізген екен. Құзырлы органның мәліметін көріп, жағамды ұстадым дейді Дариға Назарбаева.

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

-Тексерудің нәтижесінде көптеген заңбұзушылық анықталған. Бұл дегеніміз қазына қаржысын ысырап ету, алаяқтық. Жергілікті билік жауап беруі тиіс. Қазір облыстарда жеті мемлекеттің бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл бағытта бөлінген ақша да сол әкімдердің қолында.

Әкімдер бар ақшаны далаға шашып жатса, мұнай өңдейтін зауыттарды жөндеу жұмыстарына ақша жетпей жатыр. Қаржының тапшылығынан Атырау мен Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытынды жаңарту кейінге қалдырылуы мүмкін. Яғни, Үкіметің 2017 жылы жанармайдан  тапшылығынан құтыламыз деген уәдесі де сөз жүзінде қалмақ. Ал, қара алтын құнының құлдырауынан келесі жылы 47 мың мұнайшы жұмыстан қысқарып қалуы мүмкін.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

-Қазір бізде ақша тапшы, бәріне жетпей жатыр. Сондықтан мемлекеттің әр тиынын есептеп, үнемдеуіміз керек.

Сонымен, бюджеттен бөлініп қойған 1 жарым триллион теңге игерілмей бос жатыр. Сын естіген шенеуніктер қыруар қаржыны небары бір жарым айдың ішін орынды жұмсап үлгереміз деп сендіріп отыр. Ал ұзақ үзілістен кейін министр мен әкімдерді 4 сағат бойы сілкіген Кәрім Мәсімов 8-ші желтоқсанға дейін екі маңызды құжат: жұртты жұмыспен қамту және дағдарысқа қарсы бағдарламаларын қабылдап үлгеруге тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар