Премьер-Министр Астана-Щучинск автобанындағы ақылы жүйемен танысты
Бүгін Премьер-Министр Серік Ахметов Астана-Щучинск автобанына ақылы жүйені енгізу бойынша жобамен танысты. |
Атап айтқанда, Үкімет басшысына Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев Астанадан шыға берістегі аталған жолдың бойында орнатылған ақылы жүйе бекетіндегі жұмыстармен таныстырды.
ҚР Көлік және коммуникация министрлігі, Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Дамир Сағыновтың айтуынша, Астана-Щучинск магистральдық жолы 2009 жылы пайдалануға берілді.
«Бүгін таныстырылып отырған жүйенің жабдықтарын орнатуға француздық компания қатысты. Атап айтқанда, жолақысын терминал арқылы қолма-қол ақшамен, төлем карточкасымен, сондай-ақ электрондық әдіс арқылы төлеуге болады. Енді бұл төлем жүйесі тестілік тәртіпте жұмыс істейді. Яғни, еліміздің қыс мерзіміндегі оның қызметінің жағдайы тексеріледі»,-деді комитет басшысы.
Белгілі болғанындай, бұл жолды 2013 жылдың 1 тоқсанында ақылы ету көзделіп отыр. Оның тарифтерін Үкімет бекітетін болады.
Д. Сағыновтың сөзіне қарағанда, жеңіл автокөлік Бурабайға дейін шамамен 200 теңге төлейді, оларға әр шақырымға 1 теңге көлемінде ақы енгізілетін болады. Жүк көліктері үшін төлем біршама жоғары болмақ. Ал, осы жолдың бойында орналасқан елді мекендердегі жергілікті халық үшін тиісті жеңілдіктер қарастырылады.
Ақылы жүйенің орнатылуына 700 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Астана-Щучинск автобаны ақылы болғаннан кейін жылына 1 млрд. 400 млн. теңге көлемінде қаржы түседі деп жоспарлануда.
«Қазіргі кезде бұл жолды күтіп ұстауға жылына 1 млрд. 300 млн. теңге жұмсалады. Яғни, бұл ақылы жүйенің мақсаты - автобанды жақсы жағдайда ұстап тұруға негізделген»,-деді комитет басшысы.
Оның айтуынша, бұл жолда жылдық орташа есеппен алғанда 7 мыңға жуық көлік жүреді. Мәселен, жаз кезіндегі демалыс күндері көлік ағыны 11 мыңға дейін барады, ал қыста - 4 мыңға дейін.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін