Жарияланды: 330

Премьер-Министрдің орынбасары неліктен ипотека арзандамай отырғанын түсіндірді

Ипотеканың жақын аралықта аздандамайтынын мойындауымыз керек және қажетсіз құрғақ уәдемен жұртты адастырмауымыз керек.

Парламентте «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» атты тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев осылай мәлімдеді. «Біздегі ипотекалық жүйе нашар дамыған. Неге? Жауап айқын - қарыз қымбат, кредит бойынша ставка өте жоғары, бүгінгі орташа ставка мөлшері 14-16 пайызды құрап отыр. Ал ипотека арзандауы үшін банкте ұзақмерзімді әрі арзан қаражаттар көзі болуы шарт. Дегенмен, әлемдік қаржы жүйесі басына түскен безгектен айықпай тұрып, ондай ресурстарға қол жеткізу де оңай болмайтыны айқын. Бұны бүгін мойындауымыз керек және қажетсіз құрғақ уәдемен жұртты адастырмауымыз керек», - деді Қырымбек Көшербаев. Сонымен қатар, Үкімет басшысының орынбасары тұрғын үй құрылысына қатысты қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтардың мәселесіне де тоқталып өтті. «Дегенмен, Қазақстан үлестік қағидат бойынша құрылыс салып, соның салдарынан ұрынғандардың жауапкершілігін өзіне алған әлемдегі бірден бір мемлекет екенін естен шығармауымыз керек. Бұл ретте біз алданып қалған үлескерлердің пәтерлерін қайтаруға, бітіртіп беруге күш салып жатырмыз. Бұнда да негізгі мәселе тек бір басына бір баспананы ғана иелік етпекші болған үлескерлер туралы болып отыр. Жалпы заң бойынша мұндай әрекеттерге жауапкершілікті мемлекет өз мойнына алмауы керек еді. Тек Елбасынің саяси ерік-жігерінің арқасында алданып ұрынған ел азаматтарына жәрдем жасалды», - деді Қырымбек Көшербаев. Бұл ретте Премьер-Министрдің орынбасары елімізде алдап-арбау жолымен жұртшылықтың қаражатын иеленгісі келетін «кәсіпкерлер» әлі де бар екенін айта келе, «халықты тұрғын үй мәселесін «Қолжетімді баспана» аясында шешуге ұмтылуын сұраймыз», - деді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін