Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасының тұжырымдамасы атқару өндірісі жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыруға, атқару өндірісі мекемелерінің жүйесін күшейтуге, атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз етуші лауазым иелерінің мәртебесін көтеруге бағытталған.
Осыған сәйкес 15 заңнамалық актіге өзгерістер енгізілді.
Атап айтсақ, заң жобасының нормаларында сот үкімін орындатушылар мен сот приставтарын бір жүйелік құрылымға біріктіру қарастырылған. Осылайша қайта құрылымдау шарасы атқару құжаттарын мәжбүрлі орындату процессіне сот приставтарын кеңінен қатыстыру есебінен атқару өндірісі жүйесінің жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған қоса заң жобасында “соттың процессуалдық бақылауын күшейту арқылы сот актілерінің орындалу процессінде соттың өз ролін арттыруды қарастыратын” норма ұсынылған.
ҚР Азаматтық-процессуалдық кодексіне сот үкімін орындатушылардың әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін ақша өндіртіп алушылар мен қарыздар жақтың арыз-шағымын сот тарапынан қараудың төтенше тәртібі енгізілді.
Сонымен бірге заң жобасына сот тарапынан сот үкімін орындатушылардың атқару санкциясын өндіртіп алу және атқару шараларын жүзеге асыруға қатысты шығындардың орнын толтырту жөніндегі таныстыруларын қарау тәртібін белгілейтін нормалар, сондай-ақ, аталған таныстырулар бойынша шығарылған анықтамаларды орындау тәртіптері қарастырылған.
Бұған қоса “Атқару өндірісі және сот үкімін орындатушылардың мәртебесі туралы” заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, заңды атқару өндірісіне тараптардың өкілдерін қатыстыру жайын айқындайтын баптармен, сондай-ақ, атқару өндірісі органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шараларын қарастыратын жеке баппен толықтырылды.