Президент елорданы жарықтандыруда энергия үнемдегіш технологияларды пайдалануды тапсырды - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Президент елорданы жарықтандыруда энергия үнемдегіш технологияларды пайдалануды тапсырды

Президент елорданы жарықтандыруда энергия үнемдегіш технологияларды пайдалануды тапсырды

Бүгін Астананың дамуына арналған кеңесте Президент Нұрсұлтан Назарбаев елорданы жарықтандыруда энергия үнемдегіш технологияларды пайдалануды тапсырды.

  • 4 Маусым 2011
  • 555
Фото - Caravan.kz

«Біз әлі күнге дейін қалада диодты шамдарды қойып жүрген жоқпыз. Оларды елімізде жасайды. Атап айтқанда, әкімшілік ғимараттарды диодты шамдарға көшіріп, электр энергиясын 30-40 пайызға үнемдеңіздер. Осы орайда халықты да осыған көшіру керек. Көшелердегі жарықтандыруды да осы үнемді шамдармен жабдықтау қажет»,- деді Елбасы.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Астана инновациялық қала болғандықтан, елордада барлық инновациялық соңғы буынды технологиялар пайдаланылуы тиіс екендігін қадап айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, елорда кезекті жылыту маусымына дайындықсыз кіруі мүмкін. Өйткені қаланың жылу тұтыну көлемі шамамен 130 гикакалорийге артпақ. «Өткен жылы қалаға 200 гикакалорий жетпей қалған болатын, міне осыларды қосқанда 330 гикакалорий шығып отыр. Демек, біз қысқа қиын жағдайда кіруіміз мүмкін», — деді Елбасы.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы аталған мәселеге байланысты жағдайдың қалай қалыптасқанын қала әкімінің орынбасары Василий Крыловтан сұрады. Оның атап өтуінше, инфрақұрылымының дайын болмауы салдарынан су жылытатын 4 қазандық жөнделмей тұр. Өйткені атқарылар шаруа шаш етектен, ал уақыт тығыз.

Осы орайда Президент бұл мәселені бірінші кезекте шешу керектігін баса айтып, Үкімет пен қала әкімдігінің бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырмай отырғандығын сынға алды.

«Сондықтан, Кәрім Қажымқанұлы, осы күндері қала әкімдігімен барлығының басын қосып, жылыту маусымының қарсаңында болмаса да, қыс түскенге дейін су жылыту қазандықтарын іске қосуға қажетті барлық шараларды атқарыңдар. Бір аптаның ішінде қаржыландыру көзін тауып, барлық мәселелерді шешіңдер», — деп тапсырды Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.

«Біз әкімдікпен бірлесіп, Астананың ХХІ ғасыр қаласына, еліміздің мақтанышына айналуына және бүкіл Қазақстанға үлгі болуына барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз».

Бүгін Астана қаласының келешектегі дамуына арналған кеңесте Үкімет басшысы К.Мәсімов осылай деді.

Премьер-Министр Елбасы Н.Назарбаевтың бүгінгі алқалы жиындағы барлық тапсырмаларының, оның ішінде, электр энергетикасын дамытумен, жылумен қамтумен және азық-түлікпен қамтамасыз етумен байланысты мәселелердің орындалатындығына уәде берді. Сондай-ақ ол, жылумен жабдықтау жүйесін дамытуға байланысты мәселелер қыркүйектегі бюджетті нақтылауға арналған кеңесте қарастырылатындығын атап өтті.

Елордада жеңіл рельсті трамвай 2013 жылдың 1 желтоқсанында пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Астананың келешектегі дамуы мәселесіне арналған кеңесте Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.

«Жеңіл рельсті трамвай (ЖРТ) сынды ауқымды жоба бойынша барлық құжаттаманың дайындалғандығын атап өте аламын. Жобаны іс жүзінде жүзеге асыру үшін «Астана ЖРТ» ЖШС құрылды. Ал жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу және құрылысын бастау үшін 5 млрд. теңге бөлінді», — деп атап өткен қала басшысының айтуынша, 1 шілдеде жобаның жүзеге асырылуының басталуына орай арнайы капсула салу жоспарлануда.

«Ұзындығы 16,4 шақырымды құрап, 9 аялдамасы болатын ЖРТ құрылысының бірінші кезеңін 2013 жылдың 1 желтоқсанында аяқтау жоспарлануда», — деді И.Тасмағамбетов.

Елорданың қоқыс өңдейтін зауыты ағымдағы жылғы 15 қыркүйекте іске қосылады. Бұл туралы бүгін Елбасының қатысуымен өткен Астананың келешектегі дамуы мәселесіне арналған кеңесте қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.

Қала басшысының алға тартқан деректеріне сәйкес, құрылыс 88 пайызға салынып біткен. Келесі аптадан бастап құрал-жабдықтарды құрастыру жұмыстары қолға алынады.

«Ең зиянды қоқыстар — пластик пакеттер мен пластмасса бұйымдар. Мәдениеті дамыған қалаларда қалдықтарды ұсақтайтын құрылғылар бар және арнайы ыдыстар тұрады. Олардың біріне шыны, келесісіне пластик, үшіншісіне темір заттары салынады. Міне, жұмысты осыдан бастау керек, халықты жақсы әдетке үйрету қажет», — деп атап өтті Астананың келешектегі дамуы мәселесіне арналған бүгінгі кеңесте Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар