Жарияланды: 600

Президент халыққа үндеуін жолдап, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын айқындап берді

Жылдың аяқталуына екі апта қалғанда Президент халыққа үндеуін арнады. Және ол тұңғыш рет жаңа жыл қарсаңында жарияланып отыр. Бүгін мемлекет басшысы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын айқындап берді. Енді осы мерзімге дейін еліміз дамыған отыз мемлекеттің қатарына енуі керек. Сондай-ақ 2025 жылы латын әліпбиіне көшеміз. Ал ауыл аудан әкімдерінің тоқсан пайызы қайта сайланады. Құжатта жұрттың әлеуетінің көтерілуіне де басты назар аударылған.

1997 жылдан бері жолдауды президент Парламентте яғни қос палатаның біріккен отырысында жария етіп келген-ді. Мекен-жайын өзгерткен алқалы жиын Есілдің оң жағалауындағы жаңадан бой көтерген опера және балет театрында өтті. Елбасы кіретін есік алдына қызыл кілем ерте төселіп дайындық та қызу жүріп жатыр.

Маңызды құжаттың оқылатын күні мен оның жай-жапсары ақпарат құралдарына шығып кетпеуі барынша қадағаланады. Бұл жолы да солай болды. Елбасының жаңа жыл қарсаңында халыққа жолдау арнайтынын ешкім күткен жоқ. Бірақ құпияның шет жағасын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кеше Ақордадағы салтанатты рәсімде айтып қалған еді. Сондықтан бүгін дүйім елдің назары – Астанаға ауып не айтылар екен деп елеңдеумен болды.

Заманауи өнер ордасында біраз дүние айтылды. Президент осыдан 16 жыл бұрын қабылданған «Қазақстан-2030» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді уақытынан бұрын орындалғанын айтты. Енді 2050 жылға дейін мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз тиіс. Жаңа стратегиялық құжатты әзірлеуге 3 жыл уақыт жұмсалыпты. Оны дайындауға шетелдік сарапшылар да тартылған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Я знаю что найдутся критики. Это не просто выдумка Назарбаева и других людей.

Мемлекет басшысы еліміздің ішкі және сыртқы саясатында өзгеріс болмайтынын айтып өтті. Басымдық Еуразиялық пен Кеден одағына беріледі. Сосын бұл ұйымға кірсек тәуелсіздіктен айырылып қаламыз деп шу көтеріп жүргендердің ісін бос сөз деді. Осыдан соң Елбасы ел алдында тұрған ең үлкен межені жария етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- 2050 году войти 30 самых развитых стран мира.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің де стратегиялық маңызға ие екенін айтты. Бір қуантқаны, 12 жылдан соң латын әліпбиіне көшеміз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазақ алфавитін 2025 жылдан бастап латын графикасына көшіру үшін дайындықты осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай оны осы заманға ақпарат тіліне айналдырады. Ұлттық мүдеге қызмет істеу үшін өзгені ем ес, өзін қамшылауы тиіс емес пе? Тағы да қайталап айтамын, қазақ пен қазақ қазақша сөйлеуі тиіс.

Бұдан басқа ендігі жерде ауыл аудан әкімдері сайланады. Әйтсе де оларды халық емес, жергілікті мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы сайлады. Қысқасы, алдағы 38 жылға арналған құжат отанымызды кемел болашаққа бастауы тиіс. Президенттің айтқаны көңілдерінен қатты шыққаны соншалықты, жиналғандар 50 рет қол соғып бірнеше мәрте орындарынан түрегелді.

Бақытбек Смағұл Мәжіліс депутаты:

- Көптен бері біз мына құлдық санадан арылу үшін әлеммен терезімізді тең ету үшін түркі тілдес халықтармен қатынасымызды терең дамыту үшін міндетті түрде латынға көшу керек.

Енді президенттің көтерген мәселелерін тап тұйнақтай орындау үшін Үкімет ертең шұғыл кеңес өткізбек. Оның жүзеге асуына министрден бастап ауыл әкіміне дейін жауапты.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін