Жарияланды: 640

Президент Ұлттық банк төрағасына экономиканың даму қарқынын сақтау үшін "Самұрық-Қазына" қорына қаржы бөлуді міндеттеді

Астана. 5 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Әнуар Сәйденовті қабылдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ә.Сәйденов президентке Қазақстанның Ұлттық банкі жүргізіп отырған ақша-несие саясатының негізгі бағыттары туралы баяндады. Ұлттық банк төрағасы мемлекет басшысын 10 айдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейінің бәсеңдеу үрдісі байқалып отырғаны жөнінде хабардар етті. Президент үкіметке, Ұлттық банк пен жергілікті басқару органдарына жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 10 пайыз деңгейінде ұстап тұруды тапсырды. "Республиканың төлеу балансына қатысты ахуал да талқыланды. Елдің қаржылық дамуының алдын ала қорытындыларына сәйкес, ағымдағы жылдың 9 айындағы төлем балансы, сондай-ақ Ұлттық банк қызметінің жалпы нәтижесі дұрыс қалыптасып отыр. Бұл көбіне сыртқы сауданы дамыту үшін елімізде жасалып отырған қолайлы жағдайға, сондай-ақ шетелдік инвестицияның тұрақты түсіміне байланысты", - деді Ә.Сәйденов журналистерге арналған брифингте. Кездесу барысында мемлекет басшысы өте қысқа мерзімде ел экономикасының, сондай-ақ оның шағын және орта бизнес, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты салаларының даму қарқынына қолдау көрсету үшін "Самұрық-Қазына" қорына қаржы бөлуді міндеттеді. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Ұлттық банк төрағасына Шанхай ынтымақтастық ұйымына және ТМД-ға мүше мемлекеттермен қаржы саясаты саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін үйлестіруді тапсырды. Сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы мемлекет басшысына 15 қарашада айналымға енгізілген ұлттық валюта - теңгенің 15 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жөнінде баяндады. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін