Президент жолдауы 2024: Өзекті тақырыптарға қысқаша шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Президент жолдауы 2024: Өзекті тақырыптарға қысқаша шолу

Президент жолдауы 2024: Өзекті тақырыптарға қысқаша шолу

Мемлекет басшысы "әділетті Қазақстан" құрылып жатқанын айтып өтті.

  • 2 Қыркүйек
  • 8419
Фото: Ақорда

Бүгін Президент Қазақстан халқына жолдауы өтті. Сонымен не айтылды? Caravan.kz медиа порталы қысқа-нұсқа шолу жасайды.

АЭС бойынша референдум 6-қазанда өтеді. Мемлекет басшысы әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқанына ерекше тоқталып өтіп, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керек екенін атап өтті. Сондықтан Қазақстан болашаққа қадам жасауы керек.

Cалық бойынша енді мәжбүрлеу шарасы азаяды. «Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн» деді. Бұрын азын-аулақ салық төлеуді ұмытып кетіп немесе болмашы тиын-тебен салық үшін бұғаттап тастайтын еді. Басымыздан бірнеше мәрте өтті. Енді олай жасамайтын болды.

Субсидия бойынша арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтапты. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Қысқасы осындай заңсыздық жасағандарды жазалау күшеймек. Жер телімдерін бәленбай гектар етіп алып, пайдаланбай жатуға қатысты да тексеріс артатыны айтылды. Субсидия саласын расымен мұқият тексеру керек. Біреулерде мал бар, бірақ субсидия ала алмайды. Ал енді біреулер құжат жүзінде мал тіркетіп, шынайы шаруаларды субсидиядан қағып келеді. 5 млнға жуық мал тек қана құжатта бар, өмірде жоқ болып шыққаны масқара.

Жолдарды жөндеу бойынша Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалғанын айтты. Бұрын 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды салу және жөндеу тапсырылған, енді оны 4 есе арттырып, 10 мың шақырымға жеткізу тапсырылды.

Туризм бойынша Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылғанын айтты. Енді Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін арттыру үшін сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салуды тапсырды. Алакөлдің Үшарал жағы қандай екенін білмедім, бірақ Үржар жағы дамып жатыр. Үржардың әуежайы жаңартылып, ұшу жолағы кеңейтілді.

«Ал Қатонқарағайға расымен тақтайдай жол керек. Табиғаты қандай керемет жер, бірақ кей тұста жолы өте нашар. Бүйрегің түсіп қалады. Ең алдымен «Рахман бұлақтарына» баратын жағын жөндеп қойса дұрыс болар еді. Баяғыда барғанымда өте нашар елі жолы», — деді саясаттанушы Асхат Қасенғали.

Орманды алқаптар елімізде өте аз екені белгілі. 5 пайызға да жетпейді. Орманды алқаптың санын арттыруға қатысты былай дейді: «Семей орманы» аясында орман тұқым бағы бар. Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық озық талаптарға сай көшет өсіретін бірден-бір кешен. Осы жобаны басқа да орманды аймақтарда іске асыру керек».

«Кең дала, шөл мен шөлейтті елміз. Географиядан солай оқыдық. Әр ағаштың орны ерекше. Арал жаққа сексеуіл егіп жатқан жобаны көріп едім. Сондай жобалар керек әр аймаққа. Әрине әр аймаққа егілетін ағаш та сол аймақтың климатына сай болады ғой», — деді саясаттанушы.

Ауыл әкімдерін сайлауға қатысты айтып, 2021 жылдан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланғанын айтты. Яғни 90 пайыз ауылдың әкімін сайлау өткен, олардың ішінде 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте болмағандар деген ақпаратты келтірді. Бұл үрдіс жалғасады дейді.

Алайда осы ауыл әкімдерін сайлау процесін сәл өзгерту керек-ау. Біраз ауыл әкімдерінің сайлауын көрдім, рушылдық деген көп айтылмаса да, осы ауыл әкімін сайлауда қатты көрінеді екен. Кандидаттың біліктілігіне емес, руына қарап дауыс бере салу дегенді байқап қалған тұстарым бар. Солтүстікте ауыл сайлауы қалай өтіп жатқанын білмедім, бірақ ол жақты да қарап, сараптау керек. Әлбетте ауыл, аудан, қала әкімдерін сайлау керек тәжірибе. Дей-тұра толықтырулар да қажет-ау.

Медицинаға бөлінген 3,3 триллион теңгенің нәтижесі көрініп жатқан жоқ деді Президент. Мемлекет басшысы мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасауды тапсырды. Елімізде білікті медицина мамандарының тапшылығы әлі де өзекті мәселе. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет деді Президент.

Еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуға тапсырыс берді.