Президенттік мәдениет орталығында КСРО Суретшілер одағының мүшесі Т. Тоғысбаевтың жеке көрмесі ашылады - kaz.caravan.kz
  • $ 515.02
  • 604.22
-4 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Президенттік мәдениет орталығында КСРО Суретшілер одағының мүшесі Т. Тоғысбаевтың жеке көрмесі ашылады

Президенттік мәдениет орталығында КСРО Суретшілер одағының мүшесі Т. Тоғысбаевтың жеке көрмесі ашылады

5 қазан күні ҚР Президенттік мәдениет орталығының көрме залында ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі суретші, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Тоқболат Төлепбайұлы Тоғысбаевтың жеке көрмесі ашылады.

  • 3 Қазан 2011
  • 1136
Фото - Caravan.kz

Көрме суретшінің 70 жасқа толған туған күніне арналып отыр, деп хабарлады аталмыш орталықтан.

Алпысыншы жылдары әдебиет пен өнерге қаулап келген өнегелі ұрпақтың көрнекті, дара тұлғаларының арасында қазақстандық суретші Тоқболат Тоғысбаевтың алар орны ерекше.

Дәл осы тұстағы қазақтың дәстүрлі мәдениетіне арналған зерттеулер, тарихи-әдеби және әдеби-публицистикалық шығармалар елімізде орасан зор қызығушылық туғызса, бұл кезең отандық көркемсурет тарихында да айтарлықтай елеулі кезең болды. Көркемсурет саласына келген таланттар легі де аз болған жоқ. Солардың ішінде осы көркемсурет өнеріне өзіндік өрнек, дара ізбен, жаңа үнмен келген талант иесі — Тоқболат Тоғысбаев еді. Сол кездері жас суретші Тоғысбаев жұмыстарының пайда болуы қалың көрермен мен өнертанушы қауымды елең еткізді. Ұлт мәдениеті рухында салынған суретші туындылары жұртшылықты өзінің шынайылығымен баурап алды. Өмірдің өзінен алынғандай шынайылық, тазалық, кірпияздық сияқты асыл қасиеттер қай кезде де Тоғысбаев шығармаларына тән көрініс болып келді.

Тоқболат Тоғысбаев шығармашылығына тән тағы бір қасиет ол — халықтың сәндік-қолданбалы өнерінің ерек дәстүрлерімен үйлесімді әрі тығыз байланысында. Бұның мәні картина композициясының әрбір сәтін суретшінің жіті байқап, терең түсініп, мінсіз колористикалық талғаммен бере білуінде. «Көктем гүлдері», «Дала әндерінің өрнегі», «Күз» сынды ертеректе жазылған шығармаларын кілем өнерінің композициялық жүйесімен тікелей байланыстыруға болады. Ал, «Әнші таулар», «Абай», «Қажы-Мұқан портреті» атты картиналарындағы көркем бейнелер және суретші қаламы арқылы олардың өн бойына берілген музыкалы-ырғақтық суреттер арқылы картиналардан әдемі әуен есіп тұрғандай әсер аласыз.

Бейнелеу өнеріндегі үлкен ізденісінің арқасында Т. Тоғысбаев көптеген түстердің комбинациясын ойлап тапты. Бұл картиналардың жалпы композициясымен сәйкес келіп отырды. Осы кезеңде салынған «Кешкі муза», «Бақытты ауыл», «Думанды күндер», «Қарбыз бен натюрморт» атты шығармалары көрермендерге жақсы таныс.

Тоқболат Тоғысбаев қылқаламынан шыққан соңғы туындылардан суретші шығармашылығынан бұрын байқалмаған, өзі ойлап тапқан, өзгеше бір күйді көруге болады. «Әуен», «Хабар», «Ақсақал» картиналарында суретшінің бұрынғы салқынқанды мінезі жоқ, керісінше абстрактілі формалар мен ширығу байқалады.

Өзінің аз ғұмырында Тоқболат Тоғысбаев әлемнің ірі мұражайлары өз коллекцияларына алуды зор мәртебе санайтын ғажайып туындылар жасап үлгерді.

Суретші жұмыстары бірнеше мәрте республикалық, жалпыодақтық, және халықаралық (АҚШ, Германия, Франция, Чехия, Румыния, Түркия және т.б.) көрмелерге қойылып, зор табыстарға қол жеткізді.

Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтың аса көрнекті үш биі Төле, қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің портреттерін тұңғыш салған суретші де осы Тоқболат Тоғысбаев. «Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би» атты ғажайып портрет-триптихті 2010 жылы Президенттік мәдениет орталығына меценат М. Дайырбеков сыйға берді. Бұл аталмыш Орталықтың шежіресіне жазылар айтулы оқиға болды.

Суретші картиналарын Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінен, ҚР Мәдениет министрлігінің сурет көрмелері дирекциясынан, қазақстандық және шетелдік жеке коллекциялардан көруге болады.

Т. Тоғысбаевтың «Қастеев» атты танымал картинасы Мәскеудің әйгілі Третьяков галереясында тұр.

Егемендік алғаннан бері Астанада тұңғыш рет өткелі отырған суретшінің жеке көрмесі ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы игі шаралардың біріне айналмақ.

Перейти к новостям спорта