Журналист президенттің ауызашар бергені туралы да тілге тиек етті, деп жазды Caravan.kz медиа порталы.
Сәуле Әбілдаханқызының ауызашарды көп адамға дақпырт қылмай, тек аузы берік жандарды шақырған дұрыс деуі өте орынды.
"Ауызашарға ораза ұстағандарды ғана шақыру үрдісін қалыптастырайық. Ауыз бекітпеген болсаңыз, "менің орныма ораза ұстаған адамды шақырыңыз" деп, шақырған жерден сыпайы бас тартыңыз…
Әсіресе кафе, мейрамханаға аузы беріктерді ғана шақырған дұрыс…
Ауызашар бергенді мақтан мен даңғойлыққа айналдырмау мәселесіне де назар аударған жөн… "мың адам, мың жарым адамға" демей, шегімен, ретімен, мәдениетті түрде өткізуге тырысайық…
Жағдайыңызға қарай, 5-10, 100-200 адамға ауызашар беруге болатын шығар. Одан артығы — артық. Дарақылық. Одан да қалған қаржыңызға мұқтаждарға азық-түлік алып беріңіз… тіпті сауап жинағыңыз кеп бара жатса, жағдайы болмағандықтан үйлене алмай жүрген жастарды үйлендіріңіз, немесе біреудің қарызын (яки несиесін) жауып беріңіз, немесе баспанасызға шағын болса да, баспана алып беріңіз, көлігіне шина ала алмай, дөңгелегі тозып жүрген бауырыңызға, туысыңызға, досыңызға жаңа шина алып беріңіз т.с.с.
"Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін" дейді. Садақаны (оның ішінде ауызашарды) жариялап, жарнамалаудың қажеті жоқ. Тіпті Президенттің ауызашар бергенін де бұдан былай айғайлатып, жаһанға жар салмай-ақ қойған дұрыс. Общий фондағы бір суретпен үш ауыз сөзбен жаңалықтарда ақпарат етіп беруге болатын шығар… Президент те, оның баспасөзі де, супер-идеологтары да, ұйымдастырушылары да алдағы уақытта осыған назар аударғаны жөн", деп жазды.