Туындының сюжеті Н.Назарбаевтың студенттік жылдары, оның ел тарихындағы өнеркәсіп отырндары бой көтере бастаған маңызды жылдар тұсында тұлға ретінде қалыптасу жолы төңірегінде өрбиді, деп хабарлайды «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі.
Фильмнің басында Н.Назарбаев туған өлкесінен республикалық жастар құрылысына, металлургтер қаласы – Теміртауға аттанады. Сол жерден білім қуып Украинаның Днепродзержинск қаласына кетеді. Сол жерде жаңа достар, ұстаздар табады.
«Оқуды бітіріп, қолына дипломын алған маман еліне оралады. Сол бір қиындыққа толы жылдары ол өзінің табандылығы мен жетекшілік қабілетінің арқасында Орталық Азиядағы ірі металлургия комбинатына басшылық қызметке орналасады», — делінген хабарламада.
Кино Қарағанды, Теміртау, Днепродзержинск сынды өнеркәсіптік қалалардан бастап, Мәскеу, Киев, Минск, Хельсинки, Хаапсалу (Эстония) қалаларында да түсірілді.
Фильмді түсіру үшін еліміздің түпкір-түпкірінен ретро-автокөліктер жеткізіліп, арнайы парк жасақталды. Башкириядан 50-ші жылодардағы трамвай сатып әкелініпті.
Ал, актерлер құрамы да бірінші кезекте ұқсастық принциптері бойынша жасақталды. Өйткені, фильмде ойдан шығарылған кейіпкерлер мүлдем жоқ деуге болады.
Киноэпопея «От өзен» және «Темір тау» деп аталатын екі бөлімнен құралған. Ол 2011 жылы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» фильмінің заңды жалғасы болып табылады.
Онда Н.Назарбаевтың әріптестері, достары мен үзеңгілестерінің елбасы туралы естеліктері де ұтымды пайдаланылған.
Картинаның режиссері Рүстем Әбдірашов. Фильмнің сценариі президенттің бірқатар кітаптарының желісі бойынша жазылды.
Басты рөлді Нұрлан Әлімжанов, оның зайыбы – Сара Назарбаеваны Мәдина Мәдина Есманова сомдады. Фильмге Валентин Гафт, Виктор Сухоруков, Сергей Шакуров, Наталия Аринбасарова және Мария Голубкина сынды ресейлік ретро жұлдыздар да түскен.