Жарияланды: 670

Президенттің жұмыс кестесі: 2012 жылдың негізгі қорытындылары

Президенттің жұмыс кестесі: 2012 жылдың негізгі қорытындылары

2012 жыл Қазақстан үшін тек соңғы жылдары қалыптасқан дамудың оң бағыттарының одан әрі сенімді өсімімен ғана емес, сонымен бірге, «Қазақстан-2050» Стратегиясының қабылдануына байланысты жаңа ұзақ мерзімді келешекке серпін беруімен де есте қалды.

Мемлекет басшысының жұмыс кестесі де соған сәйкес тығыз әрі қызу істерге толы болды, - дейді Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Президенттің жұмыс кестесі: 2012 жылдың негізгі қорытындылары» атты мақалада. Шетел сапарларын, өңірлерге жасалған жұмыс сапарларын, түрлі отырыстар мен кеңестерді, халықаралық және республикалық форумдардың, конференциялар мен съездердің жұмыстарына қатысуын, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдауларын, жұртшылық пен еңбек ұжымдарының өкіл­дерімен кездесулерін, өнеркәсіп кәсіпорындары мен әлеуметтік объектілерде болуларын қоса алғанда, Президент Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен жыл бойы 700-ден астам хаттамалық іс-шаралар өтті. Мемлекет басшысы 11 кеңес, соның ішінде Үкімет мүшелерінің, Президент Әкімшілігі басшылығының, орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен - 8, облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің қатысуымен - 1 және барған жерлерінде 2 кеңес өткізді. Президенттің жанындағы консультативтік-ке­ңесші органдар желісі бойынша Н.Ә.Назар­баев­тың төрағалығымен Шетел инвесторлары кеңесінің 1 отырысы, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің 2 отырысы, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің 2 отырысы өтті. Президент жыл бойы сондай-ақ Парламент палаталарының төрағаларымен және парла­менттік фракциялардың жетекшілерімен жиі-жиі кездесе отырып, депутаттық корпуспен де тұрақты түрде өзара бірлесе жұмыс істеді. Мемлекет басшысы еліміздің 12 өңірінде жұмыс сапарымен болды. Екіжақты қарым-қатынастардың шеңберінде шетелдерге жасалған 17 сапарды, сондай-ақ 9 мемлекетаралық саммиттер мен 4 халықаралық форумдарға қатысуларын қоса алғанда, оның қатысуымен 170-тен астам кездесулер мен іс-шаралар болып өтті. Н.Ә.Назарбаев 34 баспасөз конференция­сы мен брифингтер өткізіп, басты-басты шетелдік және отандық БАҚ-қа 10 сұхбат берді. Жыл бойына Президент 6,5 мыңға тарта құжаттарды қарап, қол қойды, олардың арасында 106 заң, 237 жарлық, 82 өкім, 11 мәжілістер хат­тамалары, 3585 қызметтік құжаттар, 2160 тал­дамалық және ақпараттық-анықтамалық материалдар, азаматтардың 276 арыз-шағымдары бар. Осы кезеңде Мемлекет басшысы барлығын қосқанда 66 күн іссапарда болды, оның 45 күні шетелдерде, 21 күні Қазақстанның өңірлерінде өтті. * * * Ішкі саяси салада өткен жыл ең алдымен Қазақстан дамуының келешегі зор жолдарын одан әрі зерделеуге және мемлекетті жаңа деңгейге көтеруге дайындауға бағытталған ел Президенті ұсынған бірқатар старегиялық бас­тамалар жылы ретінде есте қалды. Мемлекет басшысының 27 қаңтарда сөйлеген сөзінде жария етілген «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» аттыел халқына жыл сайынғы Жолдауы сөрені бастап берді. 10 бағыттан тұратын бұл құжат әлеуметтік-экономикалық саланы одан әрі жетілдірудің берік негізін қалады. Олардың қатарында қазақстандықтардың еңбекпен қамтылуы, қолжетімді тұрғын үй, өңірлік даму, халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыру, кадрлық әлеуетті жақсарту, сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту, адам капиталының сапалық өсімі, зейнетақы жүйесін жетілдіру, индустриялық-инновациялық жобалар мен ауыл шаруашылығы бар. Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеу­меттік жаңғыртылуы: Жалпыға Ор­тақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деп аталатын бағдарламалық мақаласы тек мемлекеттіксаясаттыңнегізі болып қана қоймай, сонымен бірге, шын мәнінде, Қазақстан қоғамының әлеуметтік дамуының жаңа философиясына айналды. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына көшудің қажеттілігін дәйектей отырып, Президент былай деді: «Бүгін өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдарында кеңінен таралған тұтынушылық қоғам тұжырымдамасының елесі айқын сезіледі. Тұтынудың бұл идеологиясы бүлдіруші болғанына бүкіл әлем ерекше көз жеткізіп отыр. Ол әлемнің дамыған елдерінде жаппай әлеуметтік масылдық туындатты және жаһандық дағдарыстың басты себептерінің бірі болып табылады. Тек бүкіл әлемде ғана емес, сондай-ақ тіпті дамыған елдерде жүзеге асырылуы мүмкін болмайтын бұл жалған идеяға сындарлы балама табуға болады. Және мұндай балама Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы болып табылады... Бүгінде еңбек - ХХІ ғасыр жағдайындағы шешуші ұлттық фактор ретінде, жаһандық бәсекелестік жағдайында - алдыңғы кезекке ілгерілетілуі тиіс». Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың 20 басымдығы тап осы арнада баяндалды. Мемлекетті жаңартудың стратегиялық желісі Президенттің 14 желтоқсанда Тәуелсіздік кү­ніне байланысты өткен салтанатты жина­лыста жария еткен «Қазақстан-2050» Стра­те­гия­сы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа сая­си бағыты» атты Қазақстан халқына Жол­дауында одан әрі идеялық баянын тапты. «Қазақстан-2030» Стратегиясының тұжы­рым­дарына байыпты баға бере отырып, Пре­зидент таяудағы онжылдықтардың шешуші талаптарының тұрғысынан Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының келешек келбетін түсіндіріп берді. Бұл жаңа бағдарламалық құжат елдің ұзақмерзімді дамуының жаңадан пайда болған бағытын стратегиялық мағынамен үйлесімді толықтыра түсті. Жолдауда жария етілген шешуші бастама­лардың қатарында қазіргі бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту, әкімшіліктік реформа, билік деңгейлерінің арасындағы жауапкершілік пен өкілеттіктің ара-жігін ашу арқылы мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру, әкімдерді сайлауды енгізу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды кеңейту, құқықтық жүйені жаңғырту, Жалпыға ортақ еңбек қоғамының принциптері негізінде жаңа әлеуметтік саясатты қалыптастыру, қазақстандық патриотизмді нығайту қамтылған. Бұл бастамалардың барлығы соның төңі­регінде мемлекеттік саясат, даму жоспарлары мен бағдарламалары түзілетін жаңа қазақстандық идеологияның айғағы болды. Негізінен тап осы қағидаттар мемлекеттік билік жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі практикалық қадамдардың да өзегіне айналды. Бірінші кезекте, бұл елдің жоғары заң шығарушы органының қызметіне әсер етті. 15 қаңтарда болған Мәжіліске кезектен тыс парламенттік сайлаудың қорытындылары бойынша,құрамында«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының және Қазақстан халықтық коммунистік партиясының өкілдері бар көппартиялы Парламент жасақталды. Осы орайда депутаттық корпустың абсолютті көпшілігін Президент жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясының өкілдері құрады. Бұл айқын жеңіс қазақстандықтар арасында Н.Ә.Назарбаевтың жоғары беделі мен оның бағытын бүкілхалықтық қолдаудың кезекті куәсі болды. V шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуы кезінде депутаттар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы өткен сайлау елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы тағы бір маңызды қадам болғанын атап өтті. Қыркүйекте Үкімет құрамында жүр­гізіл­ген өзгерістер де осы процестерге ықпал етті. Ағымдағы жылы үлкен серпін алған әкімшіліктік реформаға да осы тұрғыдан қарауға болады. Желтоқсанда қабылданған сая­си мемлекеттік қызметшілер санын бірнеше есе қысқартуды, әкімшілік мемлекеттік қызмет лауазымдарының «А» және «Б» корпустары түріндегі екі деңгейлі құрылымын енгізуді, мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін бағалауды көздейтін мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері жөніндегі заң оның өзегі болды. Этноконфессиялық татулық мәселелері де әдеттегідей Президенттің жіті назарында болды. Жыл ішінде Н.Ә.Назарбаевтың төрағалы­ғы­мен Қазақстан халқы Ассамблеясының екі сессиясы болып өтті. Қаңтардағы кезектен тыс XVIII сессияда Мемлекет басшысы Ассамблеяның 9 мүшесін Парламент Мәжілісіне сайлау рәсіміне қатысып, бұл демократиялық жаңалық елде тұрып жатқан этностардың өкілдері өз депутаттарын жоғары заң шығарушы органға сайлай алатын әлемдік өнеге болып табылатынын атап айтты. «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғырту» деген тақырып бойынша сәуірде өткен Ассамблеяның ХІХ сессиясында Президент қазақстандық патриотизмді одан әрі нығайтудың қажеттілігі мен жолдарына ерекше мән берді. Біздің көп ұлтты құрамамыздың Лондон қаласында өткен ХХХ жазғы Олимпия ойындарында таңқаларлық өнер көрсетуі қазақ­стандық патриотизмнің айқын көрінісі болды, ол 205 ұлттық командалар арасындағы жал­пыкомандалық есепте 12-ші орынды ием­денді. Қазақстандықтардың жарқын жеңісі қазақстандық патриотизмнің және біздің азаматтарымыздың өз Отанына деген мақтаныш сезімінің арта түсуіне тың серпін берді. Осы орайда 17 тамызда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Олимпия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсету рәсімі үлкен резонанс тудырды. Қазақстанның олимпиялық салтанатының үш қайнар көзі жөнінде айта келе, ол солардың бірі ретінде еліміздің барлық этностарының достығын атады. «Қазақстанның Олимпиялық құрамасы нағыз «халықтың спорттық Ассам­блеясы» болды. Біздің Олимпиада чемпион­да­рымыз бен жүлдегерлеріміздің арасында - Қазақстанның алты этносының өкілдері бар. Еліміздің Олимпиялық құрамасының жаттықтырушылары да көп ұлтты. Біздің командамыз Лондонда халқымыздың өзі сияқты біртұтас отбасы болып өнер көрсетті», - деді Н.Ә.Назарбаев. Президенттің елдегі ішкі саяси ахуал мен этноконфессиялық татулықты тұрақсыздандыруға жол бермеу мақсатында ұлттық қауіпсіздікті нығайту және терроризм мен діни экстремизм көріністеріне қарсы тұру жөніндегі бастамалары қоғамда түсіністік пен қолдау тапты. Мемлекет басшысының төрағалығымен наурызда және қарашада болып өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы қызмет органдары өкілдерінің қатысуымен шілдеде өткен кеңес осы мәселелерге арналды. Солардың барысында оларға түрлі тапсырмалар, соның ішінде террористік қауіп-қатерлердің алдын алып және жолын кесуге мониторинг жасау жүйесін ревизиялау туралы, жедел іздестіру қызметіндегі ол­қылықтарды жою, терроризмге қарсы кү­рес­те мемлекеттік органдарды үйлестіру теті­гін жақсарту, құқық қорғау органдарының қыз­меткерлерін террористік және экстремистік сипаты бар қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың арнаулы машықтарына үйрету жөнінде тапсырмалар берді. Өсе түскен террористік қауіп-қатерлерді ескере отырып, сондай-ақ «Арқанкерген» шекара бекетінде болған қайғылы оқиғалар жағдайында күштік құрылымдардың қызметкерлерін қайта аттестаттау, шекара қызметін нығайту және мемлекеттік шекараға қажетті кешенді іс-шараларды жүзеге асыру, діни ұйымдарды қай­та тіркеуден өткізу, жалған діни ағымдардың ық­па­лына қарсы тұру және жұртшылық арасында өз халқымыздың дәстүрлері мен мәдениетіне жақын ру­хани құндылықтарды түсіндіру мен насихаттау жөнінде тәрбиелік-білім беру жұмыстарын өрістету мәселелері Президенттің айрықша бақылауында болды. Әскери қызметтің беделін және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді арттыру мақсатында Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Қарулы Күштерінің 20 жылдығына байланысты Отан қорғаушылар күніне мемлекеттік мереке мәртебесін беруге бастамашылық жасады. Ал Отан қорғаушылар күні 7 мамырда Президент әс­ке­ри қызметшілердің, құқық қорғау және арнау­лы қызмет органдары өкілдерінің үлкен бір тобына мемлекеттік наградалар, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Президенттің Күзет қыз­метінің, Қорғаныс, Ішкі істер, Әділет және Тө­тен­ше жағдайлар министрліктерінің, Бас про­куратураның өкілдеріне жоғары әскери және арнау­лы атақтардың, сыныптық шендердің ерекшелік белгілерін табыс етті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жыл бойы көптеген әлеуметтік-мәдени сипаттағы іс-шараларға белсене қатысты. Бұл орайда, ең алдымен оның 11 қаңтарда Алматы қаласындағы отандық әдебиет және өнер қайраткерлерімен кездесуін, Қазақстанның белгілі мемлекет қайраткері Д.А.Қонаевтың 100 жылдығына байланысты салтанатқа, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған Астана қаласындағы ескерткіштің ашылуына қатысуын және басқаларды бөліп айтқан жөн. Жыл шымылдығы жабылар алдында қазақ­стандықтар жаңа мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнін, елорданы Астана қаласына көшірудің 15 жылдығын және ел Тәуелсіздігінің 21 жылдығын салтанатты жағдайда атап өтті. Тәуелсіздік күні қарсаңында Президент қа­лыптасқан дәстүр бойынша өзінің «Ақорда» резиденциясында көрнекті мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау қайраткерлеріне, өнді­рістік саланың, бизнестің өкілдеріне, құқық қор­ғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, спортшыларға, соғыс және еңбек ардагерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. Жалпы, жылдың саяси қорытындыларын түйіндей келе, Қазақстан демократиялық дәстүрлері мен алдағы ондаған жылдарға арналған нақты бағдары бар қалыптасқан мемлекет ретінде, өз дамуының жаңа кезеңіне сеніммен қадам басқанын атап айтуға болады. * * * Әлемдік экономикалық конъюнктурада сақталып отырған белгісіздікке қарамастан, Қазақстан 2012 жылы әлеуметтік-экономикалық дамуда іс жүзінде экономиканың барлық салаларында айқын оң динамикалық өсімді көрсетті. Сонымен бірге, жаһандық экономикадағы күрделі жағдай ұдайы қатаң бақылауды талап етті, осыған байланысты Мемлекет басшысы бірқатар мәжілістер өткізді. Мәселен, 28 қаңтарда Президент Үкімет мүшелерінің, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің, Президент Әкімшілігі, орталық мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» халық­тық-демократиялық партиясы және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басшыларының қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өткізіп, онда «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын ел халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі бірінші кезектегі міндеттерді белгілеп берді. 29 ақпанда Н.Ә.Назарбаев Ұлттық қорды бас­қару кеңесінің отырысына төрағалық етті, онда 2012-2013 жылдары республикалық бюджетке кепілді трансферттің көлемін 15 пайызға арттыру мәселелері қаралды. 10 сәуірде ол Ұлттық банктің 2011 жылғы есебін тыңдады. Онда Президент кредиттік портфель сапасының төмендігі мен Қазақстан банктерінің кредиттік белсенділігінің жеткіліксіздігін атап көрсетіп, айырбас бағамы саясаты, инфляцияны болжаулы дәлізде ұстап тұру және зейнетақы қорларындағы тәртіп саласындағы міндеттерді белгілеп берді. 28 маусымда Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару кеңесінің бірінші отырысын өткізіп, оның қорытындысы бойынша, Қордың 2022 жылға дейінгі дамуының стратегиясын мақұлдады, сондай-ақ ҰӘҚ пен оған кіретін компаниялардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. 27 қыркүйекте Президенттің төрағалығымен елдің мұнай-газ кешенін дамыту мәселелері жөнінде мәжіліс өтті. Жыл бойы Н.Ә.Назарбаев Премьер-Министрді, Ұлттық банк төрағасын, агенттіктер, ұлттық компаниялар мен елдің даму институттарының басшыларын тұрақты түрде қабылдап тұрды. Ол 11 министрдің, 12 облыстың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің есептерін тыңдады. Қазақстан өңірлерінің әлеуметтік-эконо­микалық дамуы Мемлекет басшысының ұдайы назарында болды. Осыған байланысты ол өткен жылы Президент Әкімшілігі, Үкімет, ұлттық компаниялар, даму институттары басшыларының, тиісті облыс­тар әкімдерінің қатысуымен 25 мамырда Тараз қаласында оңтүстік өңірлерді дамыту жөнінде және 8 тамызда Көкшетау қаласында солтүстік өңірлерді дамыту жөнінде жергілікті жерде екі мәжіліс өткізді. Сонымен қатар, Президент жұмыс сапарларымен еліміздің көптеген өңірлерінде болып, солардың барысында облыстар активтерімен, еңбек ұжымдарымен, жұртшылық өкілдерімен кездесті, ондаған өнеркәсіптік және әлеуметтік объектілерді аралап, жаңа өндірістерді іске қосуға қатысты. Олар­дың қатарында жаңғыртылған Өскемен арматура зауыты, Қостанай қаласындағы автомобиль шығару жөніндегі «Сарыарқа Автопром» кәсіпорны» ЖШС, электровоздар шығару жөніндегі «Электровоз құрастыру зауыты» АҚ, тікұшақ құрастыру және қызмет көрсету жөніндегі «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС, Астана қаласындағы фотоэлектр модульдерін шығару жөніндегі «Astana Solar» ЖШС және т.б. бар. Ел астанасын тұрғызу мен дамыту мәселе­ле­рі де Мемлекет басшысының айрықша бақы­лауын­да болды, ЭКСПО-2017 Халықаралық маман­дан­ды­рыл­ған көрмесін өткізуге әзірленуге байланысты оның көкейкестілігі елеулі түрде арта түсті. Сәуірде Астана қаласын одан әрі дамы­ту мәселелері бойынша өткен мәжілісте Н.Ә.На­зар­баев­тың төрағалығымен жер телімдерін өз бетінше басып алудың, ескі және апатты жағдайдағы үй­лердің, ПИК қызметін жетілдірудің проблема­лары қаралды. Ол тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығының жұмысы, құрылыста ресурстарды үнемдеу технологияларын дамыту, энергетика кешенінің қызметі және басқа мәселелер жөнінде ескертпелер айтты. Бұдан басқа, Президент жыл бойы «Астана қаласының бас жоспары ғылыми-зерттеу жобалау институты» МКК-де екі рет болды, онда оған келешегі зор жобалар көрсетілді, сондай-ақ қала объектілері құрылысының барысымен танысу мақсатында қаланы бірнеше рет аралап көрді. Атап айтқанда, ол Кіші көлік айналмасын, Орынбор көшесінің жаңа учаскесін, опера және балет театрының ғимаратын, «Әзірет Сұлтан» күмбезді мешітін, қалалық ЖЭС-тің екінші кезегін және т.б. қарап шықты. 2012 жылы Үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың кезекті қорытындылары шығарылды. Оның тұсаукесері Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен 3 шілдеде және 25 желтоқсанда болып өткен жалпыұлттық екі телекөпір шеңберінде ұйымдастырылды. Республика өңірлерімен тікелей байланыстар кезінде жаңа өндірістердің тұтас қатары іске қосылды. Желтоқсанда өткен телекөпір барысында сөйлеген кезде Президент индустрияландырудың үш жылы ішінде 537 жаңа объект қатарға қосыл­ғанын, олар өндірген өнімнің көлемі 1,4 трлн. теңгені құрағанын, 110 мыңнан астам жаңа жұ­мыс орындары ашылғанын, қазір біздің еліміз «Қа­зақстан-2050» жаңа саяси бағытты жүзеге асыруға кірісіп жатқанын, соның нәтижесі бойынша ол әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылатынын, мұнда технологиялық ілгерілеуді қамтамасыз ететін индустриялық-инновациялық бағдарлама шешуші рөл атқаратынын, сондықтан бұл аса маңызды жалпыұлттық жоба екенін атап көрсетті. Президент сонда жыл сайынғы «Алтын сапа» және «Парыз» конкурстарының жеңімпаздарына сый­лықтар табыс етіп, солар арқылы Қазақстанның барлық кәсіпкерлерін ұлттық экономикамызды инновациялық жаңғыртуға белсене қатысуға шақырды. Шетел инвесторларын үдемелі индустриялық-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру процесіне тарту мақсатында Мем­ле­кет басшысы сондай-ақ Шетел инвесторлары кеңесінің ХХV отырысына қатысып, онда Қа­зақ­станға Орталық Азия өңірінің аса ірі іскерлік және транзиттік хаб позициясын қамтамасыз етуге тиісті «Жаңа Жібек жолы» жобасын ұсынды. Ол бұл мега-жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін жүк ағынының көлемі 2 есеге дерлік өсіп, одан әрі кемінде 50 млн. тоннаға жеткізілуі керек екендігін айтты. Жылдың қорытынды аккорды қарашада «Ха­лықтық IPO» бағдарламасының іске қо­сы­луы болғаны күмәнсіз. Президент 2011 жылғы ақ­панда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ съезінде бастамашылық еткен бұл бағдарлама еліміздің қор нарығын дамытып, халықты ұлттық экономикамызды басқаруға кеңінен тарту мақсатына арналған. Н.Ә.Назарбаев бағдарламаның маңызын атап өте отырып, ха­лық­тық IPO жүздеген мың қазақстандыққа аса ірі кәсіпорындардың акцияларын иеленуге мүмкіндік беретінін, ол сондай-ақ олардың жи­на­ған қаржылары мен байлықтарын инвестициялау мен арттырудың жаңа құралы екенін де әлденеше рет атап көрсетті. 2011 жылғы шілденің өзінде-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесі еншілес және тәуелді ком­паниялардың акцияларын қор нарығына ор­наластыру бағдарламасын мақұлдады. Осы жылдың қыркүйегінде бағдарлама Үкіметтің қаулысымен бекітіліп, оған қатысатын акционерлік қо­ғамдардың тізбесі айқындалды. 2012 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ активтері сатуға ұсынылды. 2015 жылға дейін нарыққа кезең-кезеңімен «KEGOK», «Air Astana», «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазмортрансфлот», «Қазақстан темір жолы», «Қазтеміртранс», «Қазатомөнеркәсіп», «Қаз­мұнайгаз» компанияларының акциялары орналас­тырылатын болады. * * * 2012 жылы Қазақстанның халықаралық аренадағы өсе түскен беделі өзінің тұтас бірқатар салмақты дәлелін тапты. Біріншіден, Мемлекет басшысының 27 нау­рызда Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік жө­ніндегі ІІ саммитке табысты қатысуы, ондағы әлемдік державалардың ғаламдық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы Қазақстанның сөзсіз көшбасшылығын тағы да мойындауы. Саммит ала­ңында Н.Ә.Назарбаев АҚШ Президенті Б.Обамамен, Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бакпен, Ресей Президенті Д.А.Медведевпен, Фин­ляндия Президенті С.Нийнистемен және Грузия Президенті М.Н.Саакашвилимен бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Екіншіден, 12 қыркүйекте Астана қаласында АӨСШК-нің мерейтойлық сессиясының өт­кізілуі. 2012 жыл Қазақстан көшбасшысының осы халықаралық бастамасын дамытудың жаңа ке­зеңі ретінде атап өтілді. Кеңес өзінің география­сын едәуір ұлғайтты, Вьетнамның, Ирактың, Бахрейн мен Камбоджаның жаңа мүшелер болуы, ал бақылаушы ретінде Бангладеш пен Филиппиннің ену деректері ұйымның беделі мен маңыздылығының өсуін объективті айғақтайды. Үшіншіден, бұл - 2017 жылы Астана қа­ла­сы­нда ЭКСПО-2017 Халықаралық маман­дандырылған көрмесінің және Алматы қаласында Дүниежүзілік қысқы универсиаданың өткізілуіне қазақстандық өтініштердің жеңісі. Қазақстан пайдасына жасалған таңдау мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланатындығын куәландырып, оның даму келешегін айғақтайды. Қазақстанның халықаралық беделінің одан әрі нығаюына сондай-ақ, республика аумағында жыл бойы болған ірі халықаралық форумдар да ықпал етті. 30 мамырда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі әлемнің 40 елінен 85 делегацияның бастарын қосты. Оның шеңберінде бұдан бұрынғы өткен съезде бастамашылық жасал­ған жаңа орган - Дінбасылары кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті. Оның мақсаты туралы айта келе, Н.Ә.Назарбаев бұл діндер арасындағы көп форматты іс-қимылдың алғашқы жұмыс тетігі екендігін, кеңестің құрылуы бүкіл конфессияаралық үнқатысуды жаңа деңгейге көтеруге қабілетті болатындығын, қызметі табысты болған жағдайда Дінбасыларының кеңесі ХХІ ғасырда бүкіләлемдік тепе-теңдікті демеп тұрудың маңызды элементі бола алатындығын атап өтті. Қазақстан Президентінің қатысуымен өтіп, басты күн тәртібі «Әлемнің экономикалық транс­формациясының жолдары туралы» болып белгіленген V Астана экономикалық фору­мы әлемдік дамудың жаңа форматының жолын зияткерлік іздеуге жаңа серпін берді. Н.Ә.Назарбаев ұсынған «G Global» идеясы әлем­нің көптеген елдерінде кең ғылыми және саяси резонанс туғызды. Форумға Нобель сыйлығы лау­реаттарының, «Қазіргі заманның жүз ойшылдары» ғаламдық рейтингіне қатысушылардың және мемлекеттер мен үкіметтердің қазіргі іс басындағы және бұрынғы басшыларының, дүние жүзіне белгілі саясаткерлердің, халықаралық ұйымдар жетекшілерінің атсалысуы Қазақстанның әлемді дағдарыстан құтқаруға қабілетті жаңа идеяларды іздестіретін тиімді халықаралық алаңқай ретінде дұрыс орнығып жатқанын тағы да дәлелдеді. Мемлекет басшысының Қазақстан мүшесі болып табылатын мемлекетаралық бірлестіктердің шең­беріндегі байланыстарының да маңызы зор болды. 7 маусымда Пекин қаласында Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі ШЫҰ практикалық қызметінің құрамына елеулі үлес қосты. Саммиттің қорытындылары бойынша Өңірдегі бейбітшілікке, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін жағдаяттарға ШЫҰ-ның қарсы тұру жөніндегі саяси-дипломатиялық шаралары мен тетіктері туралы ереже, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрестің 2013-2015 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекіту туралы шешімдер қабылданды. Жалпытүркілік ынтымақтастық та оң бағытта ілгерілеу қарқынын жалғастырды. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың, Қырғызстан Пре­зиденті А.Ш.Атамбаевтың, Түркия Президенті А.Гүл­дің, Әзербайжан Премьер-министрі А.Расиза­денің қатысуымен Бішкек қаласында 23 тамызда өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі екінші отырысының барысында Түркі кеңесінің институттық қалыптасуы, сондай-ақ қатысушы мемлекеттердің мәдени-гуманитарлық интеграциясын ұлғайту мәселелері талқыланды. Көпжақты ықпалдастықтың көкейкесті бағыты посткеңестік кеңістік елдерімен өзара іс-қимыл болып қала берді. Кеден одағының, ЕурАзЭҚ Біртұтас экономикалық кеңістігінің және Еуразия экономикалық комиссиясының қызметін одан әрі жетілдіру мәселелері ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесі мен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің 19 наурызда және 19 желтоқсанда Мәскеу қаласында өткен отырыстарының тақырыбы болды. Олардың басты қорытындысы Ресеймен және Беларусьпен серіктестік арқылы 2015 жылдың қаңтарынан Еуразиялық экономикалық одақтың қызметін бастау туралы уағдаластық болды. Сондай-ақ ҰҚШҰ мемлекеттері басшыларының Мәскеу қаласындағы 15 мамыр мен 19 желтоқсандағы кездесулерін, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің 5 желтоқсандағы Ашғабадтағы отырысын да осы санатта атап өткен жөн. Қазақстан Президенті екіжақты қарым-қаты­нас­тар желісі бойынша шетелдерге 17 сапар жасады, олардың қатарында 3 мемлекеттік, 6 ресми және 8 жұмыс сапарлары бар. Атап айтқанда, ол жұмыс сапарларымен Индонезияға (12-14 сәуір), Малайзияға (17-18 сәуір) және Қырғызстанға (22-23 тамыз) барды; ресми сапарлармен Германияда (7-8 ақпан), Беларусьте (13-14 мамыр), Қытайда (5-7 маусым), Түркияда (10-12 қазан), Австрияда (21-23 қазан), Чехияда (23-24 қазан) болды; жұмыс сапарларымен Біріккен Араб Әмірліктеріне (9-13 ақпан және 4 қараша), Ресейге (19-20 наурыз, 14-15 мамыр, 8-9 қазан және 18-19 желтоқсан), Ұлыбританияға (25-28 шілде), Францияға (20-22 қараша) барды. Индонезияға, Малайзияға, Қытайға, Түр­кия­ға және БАӘ-ге жасалған сапарлар Қазақ­стан­ның азиялық бағыттағы сыртқы саяси ынты­мақтастығының жоғары серпілісін қамтамасыз етті. Н.Ә.Назарбаевтың Индонезияға жасаған сапарының барысында екіжақты сауда-экономи­ка­лық ықпалдастықты одан әрі нығайтудың, Ин­донезияның Қазақстан аумағында жеңіл өнеркәсіп объектілерін салуының және транзиттік-көліктік инфрақұрылымды бірлесе дамытудың келешегі талқыланды. Малайзияға жасалған мемлекеттік сапардың мазмұнын екі елдің энергетика және ми­нералдық ресурстар, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қаржы сек­торларындағы өзара іс-қимыл мәселелері құрады. Қытайға жасалған ресми сапардың нәтижелері бойынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы стра­тегиялық серіктестікті одан әрі дамыту туралы бірлескен декларацияға және мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері мен олардың жұмыс режімі туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Түркияға жасалған ресми сапар бағдарламасының негізгі тармағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алғашқы отырысына қатысу болды, оның қорытындылары бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданды, сондай-ақ екі ел президенттерінің патронаждығымен 2012-2015 жылдарға арналған «Жаңа синергия» Бірлескен экономикалық бағдарламасының іс-шаралар жос­парына қол қойылды. Н.Ә.Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне жа­саған жұмыс сапары кезінде кеден істерінде ық­палдастық пен өзара көмек, инвестицияларды ынталандыру мен өзара қорғау, сондай-ақ Қазақстан мен БАӘ арасындағы әуе қатынасы туралы келісімнің жобасы бойынша келіссөздердің кезекті раундының күн тәртібі туралы мәселелер қаралды. Еуропалық бағытта Мемлекет басшысының Германияға, Австрияға, Ұлыбританияға, Францияға және Чехияға жасаған сапарлары елеулі оқиғалар болды. Германияға ресми сапар екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 20 жылдығына орайластырылды. Сонымен бірге, сапар барысында екіжақты сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытудың жолдарын талқылаумен қатар, неміс жағы еуразиялықтың қазіргі идеологтарының бірі ретіндегі Қазақстан көшбасшысының құр­метіне Еуропа мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың тиімді жолдарын іздестіруді қамтамасыз етуге арналған Берлин еуразиялық клубын ашуды ұйымдастырды. Австрия мен Чехияға ресми сапарлар кезін­де Н.Ә.Назарбаев Қазақстан-Австрия және Қа­зақстан-Чехия бизнес-форумдарына қатысты. Осы елдердің іскерлік топтарының алдында сөз сөйлеген Президент оларды Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға ең алдымен, аграрлық сектор мен қайта өңдеу өнеркәсібі бөлігіне жоғары технологиялар мен инвестициялар ұсыну арқылы қатысуға шақырды. Мемлекет басшысының Ұлыбританияға жұмыс сапары маңызды оқиға болды, соның барысын­да ол ХХХ жазғы Олимпия ойындарының ашылуына қатысты, сондай-ақ Халықаралық велосипедшілер одағының президенті және Халықаралық олимпиадалық комитеттің мүшесі П.Маккуейдпен кездесіп, онда Астана қаласында 2014 жылы Азияның тас жол мен трек жөніндегі чемпионатын және 2015 жылы Жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Н.Ә.Назарбаевтың Француз Республикасына жұмыс сапары да маңызды әрі жемісті болды, соның шеңберінде ол Франция Президенті Ф.Ол­ландпен табысты келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ Францияның саяси және іскер топтарының өкілдерімен екіжақты кездесулер де табысты өт­ті, солардың барысында әуе және темір жол кө­лігі, қайталама қуат көздері өндірісі салаларында мемлекетаралық өзара іс-қимылды ұлғайту мә­селелері талқыланды. Ресей Федерациясымен дәстүрлі жақын диалогқа дем беріліп тұрды. Мемлекет басшысы жыл бойына түрлі форматтарда Ресей Президенті В.В.Путинмен 7 кездесу және Премьер-министр Д.А.Медведевпен бір кездесу өткізді. Солардың барысында сауда, энергетика, ғарыш, шекара бойы және өңіраралық ықпалдастық, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің мәселелері қаралды. Сондай-ақ Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігін және тұтасымен еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытудың келешегі талқыланды. Инновациялық ынтымақтастық проблема­лары бойынша 19 қыркүйекте Павлодар қала­сын­да өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ын­тымақтастығының кезекті ІХ форумы Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарындағы елеулі оқиға болды. Бұдан басқа, форумда отын-энергетикалық кешен саласындағы өзара іс-қимыл, су ресурстарын ұтымды пайдалану және трансшекаралық өзендер, «Байқоңыр» кешенін бірлесе пайдалану мәселелері бойынша пікір алмасулар болды. Мемлекет басшысы жыл бойы сондай-ақ Қазақстанға екіжақты сапарлар шеңберінде келген Ресей Президенті В.В.Путинмен, Өзбекстан Президенті И.А.Каримовпен, Қырғызстан Президенті А.Ш.Атамбаевпен, Македония Президенті Г.Ивановпен, Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шангпен, Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бакпен, Шри-Ланка Рес­пуб­ликасының Президенті М.Раджапаксемен, Монако Князі Альбер ІІ-мен кездесті. Кездесулердің басты ар­қауы екіжақты байланыстарды нығайтумен қатар, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, эко­логиялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелері болды. Сонымен бірге, Президент Қазақстанға келген халықаралық ұйымдардың, шетелдік сая­си, қоғам және іскер топтардың өкілдерімен де көптеген кездесулер өткізді. Олардың қата­рын­да Түркітілдес мемлекеттер стратегиялық ын­тымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Х.Ақынжы, ҰҚШҰ бас хатшысы Н.Н.Бордюжа; Түркия Ұлы халықтық жиналысының Төрағасы Д.Чичек, Ресей Фе­дералдық жиналысы Мемлекеттік думасының Төр­ағасы С.Е.Нарышкин, АҚШ конгресшілері Д.Бертон мен Г.Микс, Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану үшін Пар­ла­ментарийлер ода­ғының бас үйлестірушісі А.Варе; ЕҚЫҰ Пар­ламенттік ассамблеясынан Қазақстандағы ке­зек­тен тыс парламенттік сайлауды байқау жө­ніндегі делегациялардың басшыларын - ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Құрметті пре­зи­денті Ж.Соареш, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассам­блеясынан - Э.Пападимитриу; Түркия Пре­мьер-министрі Р.Ердоған, Ресей Премьер-ми­нистрі Д.А.Медведев, Венгрия Премьер-министрі В.Орбана, Эстония Премьер-министрі А.Ансип, Қыр­ғызстан Премьер-ми­нистрі О.Т.Бабанов; Ұлы­бри­танияның қорғаныс министрі Ф.Хаммонд, Иран­ның сыртқы істер министрі А.Салехи және басқалар бар. Жыл бойы Мемлекет басшысы Ресей, Франция, Өзбекстан президенттерімен, Иордания королімен, Ұлы­британия, Ресей, Палестина және Эстония пре­мьер-министрлерімен телефон арқылы сөйлесті. Мемлекет басшысына Грекия, ОАР, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Австрия, Румыния, Вьетнам, Грузия, Испания, Нидерланд, Түркия, Норвегия, Египет, Өзбекстан, Израиль, Индонезия, Сербия, сондай-ақ Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы сенім грамоталарын тапсырды. * * * Мемлекет басшысының 2012 жылғы жұмыс кестесінің негізгі қорытындылары осындай. Оның жүзеге асырылуы тұтасымен алғанда еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық өсуіне, ішкі саяси тұрақтылықтың қамтамасыз етілуіне, ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынастардың тұрақты дамуына, ұлттық қауіпсіздіктің күшей­ті­ліп, Қазақстанның халықаралық аренадағы позицияларының нығаюына ықпал етті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін