Жарияланды: 490

Прокурорлық қадағалау нәтижесінде 2003-жылы елімізде 29 мыңнан аса заңсыз құқықтық-нормативтік актілердің күші жойылды

Прокурорлық қадағалау нәтижесінде 2003-жылы елімізде 29 мыңнан аса заңсыз құқықтық актілердің, соның ішінде 900 құқықтық-нормативтік актілердің күші жойылды. Бұл туралы бүгін, 23-қаңтарда Астанада ҚР бас прокуроры Рашид Түсіпбековтың төрағалығымен өткен ҚР Бас прокуратурасының кеңейтілген алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша аталмыш мекеменің баспасөз қызметінен таратылған хабарламада айтылған.

Баспасөз қызметінің атап көрсетуінше, мемлекетіміздің жоғары қадағалаушы мекемесінің басты күш-жігері мемлекеттік мекемелер мен лауазым иелерінің іс-қызметінде заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталды. Прокурорлар мемлекеттік мекемелер тарапынан еңбек және сыбайлас жемқорлықпен күрес заңнамаларының, оралмандар мен кәмелеттік жасқа жетпегендердің құқығына қатысты заңдардың , "Көші-қон туралы", "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң талаптарының орындалу жағдайына кең көлемде тексеру жүргізді. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың 30 мыңнан астам лауазымды қызметкеріне түрлі жауапкершілік жүктелді. Мемлекет кірісіне 9 млрд. теңгеден астам қаржы өндіріп алынды. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде қазақстандықтардың еңбек құқығын бұзғаны үшін 40-тан астам шетелдік жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4 млн. теңгенің айыппұлы өндіріп алынды. Жалпы алғанда прокуратура органдары 66 мыңнан астам Қазақстан азаматының конституциялық құқығын қорғау мүмкіндігі қамтамасыз етілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін