Жарияланды: 520

Прокурорлық қадағалаудың арқасында Алматы қалалық құқық қорғау мекемелері адам құқығын қорғауға артықша жауапкершілікпен қарай бастады- Алматы қалалық прокуроры

2003-жылы Прокурорлық қадағалау шараларын жүйелі жолға қоюдың арқасында Алматы қалалық құқық қорғау мекемелері қылмыстық процесстерде адамдардың конституциялық құқығы мен бостандығын қорғауға артықша жауапкершілікпен қарай бастады. Бүгін, 9-қаңтарда прокуратураның алқа мәжілісінде сөз сөйлеген Алматы қалалық прокуроры Сәттібек Оңғарбаев осындай пікірін ортаға салды.

Мәселен, 2002-жылғы көрсеткішпен салыстырғанда құқық қорғау мекемелері заңсыз тұтқындаған адамдар саны 25 процентке кеміді. Осындай заңсыз қамауға алу оқиғаларының алдын алу мақсатымен прокуратура қызметкерлері уақытша тергеу қапастары, полиция қызметкерлерінің кеңселері мен қызмет бөлмелеріне күн сайын, соның ішінде мереке және демалыс күндері мен түн мезгілінде тұрақты тексерулер жүргізуде. Соған сәйкес, реабилитациялау деректері бойынша сотта ақталып шыққан адамдар саны 2002-жылы 35 болса, 2003-жылы 12-ге дейін азайды. Ақтау жөніндегі негіздемеге сәйкес алдын-ала тергеу барысында қылмыстық істі тексеру тоқтатылған адамдар саны 79-дан 16-ға дейін азайды. Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту жөнінде мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес Алматыда осындай қылмыстарға қатысты 38 іс, соның ішінде прокуратураның өз бастамасымен 4 іс қозғалды. 28 іс сотқа жіберілді. Алайда, С.Оңғарбаевтың айтуынша, аталмыш қылмыс түрлеріне байланысты сот тәжірибесіне жүргізілген талдау қорытындысы бойынша Алматы қалалық соттары қылмыс түрінің ауырлығына қарамастан айыпталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын жүктемейтіні байқалған. "Осыған байланысты аталмыш категориялы істер бойынша прокуратураның позициясы қатал қалпында қалып отыр",- деді ол. Қала прокурорының тапсырмасымен Алматы прокуратурасының басқарушы аппаратының қызметкерлері сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істерде мемлекеттік айыптаушы ролін атқаруда. 2003-жылы прокурорлар 215 қылмыстық істің, соның ішінде кісі өлтіруге қатысты 9 істің тіркеуден жасырылғанын анықтады. Осындай деректерге қатысты қозғалған қылмыстық істердің төрттен бір бөлігі сотқа жіберілген. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде 5 полиция қызметкеріне, 3 сот сарапшысына қатысты қылмыстық істер сотқа жол тартты. Сот статистикасына сәйкес, Алматы қаласы бойынша сот үкімін орындатушылардың сот шешімін орындау көрсеткіші 70 процентті құрады. Жалпы алғанда сот үкімін орындатушылар 30,2 млрд. теңгенің 51,5 мың атқару құжатын алып, оларды нақты атқару көрсеткіші 31 процентті құрады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін