Психолог: Жантүршігерлік қылмысқа эмоциясын көрсетпейтін тұйық адамдар барады - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Психолог: Жантүршігерлік қылмысқа эмоциясын көрсетпейтін тұйық адамдар барады

Психолог: Жантүршігерлік қылмысқа эмоциясын көрсетпейтін тұйық адамдар барады

19 жастағы алматылық бойжеткенді өлтірді деп айыпталған күдікті ауруханадан шығарылды.

  • 30 Наурыз 2021
  • 48
Фото - Caravan.kz


1993 жылғы жігіт емделіп шыққан бетте тергеу изоляторына жөнелтілген. Қылмыстық тексеру жұмыстары аяқталғанша ол уақытша абақтыда ұсталады. Алматы қалалық прокуратурасы күдіктінің бірнеше адамның өліміне қатысы бар деген қауесетті жоққа шығарды. Себебі оның тұрғылықты жерінен жәбірленуші Аяжан Еділоваға тиесілі заттар ғана табылған. Қылмыскерді қандай жаза күтіп тұр? Жалпы мұндай жауыздыққа кімдер баруы мүмкін?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

19 жастағы Аяжан Еділованы аса қатыгездікпен өлтірді деген күдікті бүгін аураханадан шығарылды. Полиция оның үйіне барған кезде қылмыскер суық қарумен өзін тілгілеп тастаған болатын. Үш күн ем қабылдаған ол тергеу аяқталғанша уақытша изоляторда ұсталады.

ҚАНАТ КҮНҒОЖИНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АРНАЙЫ ПРОКУРОРЫ:
"Оның қалай жатқаны енді уақытша изолятордың реті бар. Өзінің адамды ұстау инструкциясы бар. Санкция беру процессуалдық қылмыстық кодекске байланысты екі айға беріледі. Кейін қылмыстық іс әрекеттердің, тергеу әрекеттері үшін созылады. Барлығы тексеріліп, заңды негізде қарастырылады".

Полиция осыған дейін күдіктінің жеке басына қатысты ақпарат таратқан еді. Оқу орнын үздік қызыл дипломмен аяқтаған фармацевт маман зиялы отбасыдан шыққаны белгілі болды. Енді осыдан екі жыл бұрынғы сұмдық оқиғаны еске түсіруге мәжбүрміз.

Қызылорда облысында мұғалім жігіт сүйіктісінің басын кесіп, жауыздыққа барған еді. Басбұзардың жора-жолдастары мен әріптестері де қылмыскерге мінсіз мінездеме бергені есте.

ҚАЗЫБЕК САҒЫМБАЕВ, ҚЫЛМЫСКЕРДІҢ ӘРІПТЕСІ:
"Бірге жұмыс жасау барысында өзін жақсы жағынан көрсетті, белсене жұмыстарға ат салысып жүрді. Ақындығы да бар. Бұл жайттың өзінде бізді де есеңгіретіп жіберді".

Осындайда заңды сауал туындайды. Сонда, күнделікті өмірде араласып-құраласып жүрген адамдардың кез келгені жауыз боп шығуы мүмкін бе? Психолог не дейді?

 ЕРЖАН МЫРЗАБАЕВ, ПСИХОЛОГ:
"Жалпы біздің қоғамда ондай нәрсе бар. Сақтықта қорлық жоқ демекші, әр жерден әр кезде ондай адамдар кездесуі мүмкін. Психикасында сол ауытқу жүреді.  Жүреді, жүреді, мазалайды, ыңғайлы момент тапқан кезде іске асырады".

Сондай-ақ көбіне мұндай жантүршігерлік қылмыстарға агрессивті адамдар емес, ұяң, тұйық тұлғалар бейім келеді екен.

 ЕРЖАН МЫРЗАБАЕВ, ПСИХОЛОГ:
"Эмоциясын көрсететін адамдар төбелесуі мүмкін. Ұруы мүмкін. Бірақ мұндай бір арамдықпен адамды аңдып жүріп, зұлымдық жасайтындай жеңгейде болмайды. Маньяктардың ерекшелігі олар ешқашан шын пейілін, шын эмоциясын көрсетпейді, білдірмейді. Жасырын іште ұстайды. Бастапқыда зиян келтірмейтін, қауіпсіз, қарапайым адамдардай көрінуі мүмкін".

Ең қорқыныштысы, мұндай адамдар жасаған қылмысы үшін дер кезінде жауапқа тартылғаны абзал. «Ал жантүршігерлік әрекеті үшін жазадан сытылып кеткендер жауыздықтың азартына еніп, тоқтауы қиын»,  дейді мамандар. Бұл жағдайда интернеттегі қорқынышты сипаттағы ойындар мен зұлымдыққа толы фильмдердің де үлесі басым.

ЫБЫРАЙЫМ БАБАЕВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
"Көктемде не ексең күзде соны орасың дейді. Ол да бір үлкен отбасылық тәрбиеге байланысты. Балалардың әлеуметтік желіге азаннан кешке дейін телміріп, басқа да болып жатқан жағдайларды өзінің психикасына сіңірудің арқасында қоғамдағы кейбір адамдардың бұзылуына алып кеп соғады".

Қош. Қорыта келе түйгеніміз, мамандардың пайымы тағы да сол тәрбиеге келіп тіреледі. Айта кетейік, 19 жастағы бойжеткен өліміне күдіктінің қылмысы дәлелденсе, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар