"Қайдан білеміз, мүмкін өзбек шығар": Министрлік Пәкістандағы қазақтардан ДНҚ тест талап еткен - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қайдан білеміз, мүмкін өзбек шығар": Министрлік Пәкістандағы қазақтардан ДНҚ тест талап еткен

"Қайдан білеміз, мүмкін өзбек шығар": Министрлік Пәкістандағы қазақтардан ДНҚ тест талап еткен

Пәкістандағы қандастардың жағдайы нашар.

  • 25 Қараша 2022
  • 2958
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz тілшісіне өзін Хамит Жорабай деп таныстырған Пәкістан тұрғыны айтып берді. Қазақстан елшілігінен 15 жыл бойы көмек сұрап келе жатқанымен, мардымды жауап ала алмапты. Пәкістандағы 40 шақты қазақ отбасының қазіргі арманы атажұртқа оралу болып отыр екен.

"Аталарымыз Ауғанстаннан Пәкістанға қоныс аударған. Содан бері осындамыз. Дегенмен, елді аңсап, 2008 жылы Қазақстанға барып қайттық. Елшілікке барып, арыз жаздық. Ол арызымыз қабылданбады. Себебі, біз ағылшынша жазып едік. Олар «қазақша не орысша жазып әкеліңдер» деп қайтарды. Біздің арамызда қазақша, орысша жаза білетін адам жоғын айтып түсіндірдік. Елшілік «телефон номерлеріңізді тастап кете беріңіздер» деді. 1 жыл күттік. Ешкім хабарласпады. 2009 жылы тағы бардық. Сөйтсек, елші ауысып кетіпті. Ол тіпті, «сендердің арыздарың бізге түспеген» деп қайтарды", — дейді.

2021 жылы Хамит Жорабай елшіліктің есігін тағы қағыпты. 

"Бұл жолы да жаңа елші екен. «Мен өзім барып қайтамын» деген уәдесін берді. Расымен де келіп жағдайды көріп кетті. Пәкістандағы қазақтарымыздың аты-жөнімен тізімін жасап жібер» деп кетті. Айтқандарындай жасадық. Содан не керек, Сыртқа істер министрлігі «бұлар расымен қазақ па? Қайдан білеміз, мүмкін өзбек шығар» деп, «ДНҚ жасатсын» депті. Мен қазақ болмасам, Қазақстанға жетуді аңсаймын ба?! Басқа елге кетсек те болады. Бірақ, біз атажұртымызға оралғымыз келеді. ДНҚ-ны жасадық. Қазақ екеніміз дәлелденді. Міні, содан бері де 6 ай өтіпті. Елімізден еш хабар-ошар жоқ.

Елге қайтайық деп табан тоздырғанымызға 15 жыл болды", — дейді.


Хамит Жорабай Пәкістандағы қандастардың жағдайы туралы баяндап берді. 

"Бізге Пәкістан ешқандай құжат бермейді. Құжат жоқ болғасын, оқу мен жақсы жұмысқа алмайды. Балаларымыз мектепке бармаған. Пәкістандағы қазақ балалары басқа балалар сияқты білім алып жатқан жоқ. Бізді ауруханалар да қабылдамайды. Бұл жақтағы жағдайымыз нашар. Бір жылдары су тасқынынан үйлер құлады. Сол кезде қайтыс болғандар да болды. Кейіннен 16 жасар бала жоғалды. Үйден шығып кеткеннен оралмаған. Ешбіріміз таба алмадық. Міні, осындай жайттар орын алып жатса да, Қазақстаннан бізді іздеп, сұрап жатқан ешкім жоқ", — дейді Хамит Жорабай. 

Хамит Жорабайдың жасы 33-те. "Егін егіп, картоп-пиязымды сатып күнімді көремін" деп отыр. Айтуынша, Пәкістандағы қазақтардың көбінің күнкөрісі де осы. 

"Біз жұмыс та, үй де сұрамаймыз. Тек, елге қайтсақ болды. Қазақстанның қай бұрышына болса да тұруға дайынбыз", — деді Хамит Жорабай.