Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Әнші Қайрат Нұртас жол-көлік апатына ұшыраған болатын. Анасының айтуынша, әнші дін-аман. Тіпті, тыңдармандарға ауырып тұрғанын білдірмей концертте ән салған. Енді міне әншінің өзі жағдайы туралы айтып берді. Ол өзінің тілеуін тілеген барша тыңдармандарына алғыс айтты.
“Құрметті тыңдармандарым мен тілекшілерім, мен үшін алаңдап, дұға еткен әрбіріңізге Алла жақсылық берсін! Тағы бір қауіп-қатерден аман алып қалған Аллаға сансыз шүкір! Амандығыма сіздердің үнемі айтып жүретін бата-тілектеріңіз себепші болған шығар. Сіздердей тілеулестерімнің барына сансыз шүкір! Әрдайым аман-сау жүріңіздер! Алла қаласа, бүгін кешке туған жерім Түркістан өлкесіндегі тыңдармандарымды концертімде күтемін”, – дейді Қайрат Нұртас.
Әншінің бұл сөздерін естіген тыңдармандары қатты қуанып қалды. Түнімен амандығын тілеп шыққандарын да жасырмады. “Аман қалғаныңа қуаныштымын! Елдің тіл-көзінен сақтанып жүргейсің”, “Қайрат, қорқынышың қуанышыңа ұлассын. Алла түрлі пәледен сақтасын!”, “Алдында әкеңіз “Балаларыма рөлді беруге қорқамын” деп айтып отыр еді. Жамандықты әке жүрегі сезген сыңайлы”, “Қайда жүрсеңіз де, аман жүріңізші” дейді желі қолданушылары.
Әншінің анасы да Қайраттың амандығын растады. “Қайраттың жағдайы жақсы. Мен қалай уайымдасам, сіздер де туған анасындай, туған әкесіндей, біреулеріңіз туған бауырындай дұға тілеп, уайымға салындыңыздар.Сіздерге Алланың нұры жаусын! Кеше осы жағдай орын алмай тұрып, əкесі де “Шымкентте мешітке барып садақа беріп, балаларымыздың амандығын тіледім” деп еді. Ол да болса, Алланың құлағына шалынғаны болар. Басыңнан іс өтпей тұрып, Алладан сұрау, садақа беріп тұруды ұмытпау керек екенін осындайда ой елегінен бір өткізіп аламыз ғой. Бүгін түркістандық жерлестеріміз тағатсыз күтуде екен. Алла қаласа, Қайроштарыңыз аман-есен бүгін сіздермен бірге болады, Күтіңіздер!” – дейді әншінің анасы.