Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен демалыс күндері желіде әнші Қайрат Нұртас мінген көліктің Жамбыл облысы Қордай ауданында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қарсы жолаққа шығып кеткен видеосы тарады.
“Тағы да мәдениет жаңалықтары. Халық әншісі Қайрат Нұртас Жамбыл облысы Қордай ауданында көлік жүргізу құқығынан айыратындай жол қозғалыс ережесін өрескел бұзды. Жүрген жеріне міндетті түрде зақым келтіретін пенде екен", – деген жазбамен жарияланды бейнежазба.
Болған жағдайға қатысты Жамбыл облысы Полиция департаменті түсініктеме берді. Полицияның мәліметінше, оқиға 25 тамызда болған, ал автокөлікті әншінің жүргізушісі басқарған.
“Бұл дерек Қордай ауданы "Алматы-Ташкент" тасжолының 215-шақырымында болды. Бұл құқықбұзушылықты жасағаны үшін Mercedes-222 маркалы көлігінің 37 жастағы жүргізушісіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 601-бабы (Жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігін белгілеумен белгіленген талаптарды сақтамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, 10 350 теңге көлемінде айыппұл салынды”, – делінген хабарламада.
Қайрат Нұртастың әлеуметтік желідегі парақшасынан осы көлікпен түскен суреттер мен бейнежазбаларды байқауға болады.
Айта кетейік, Қайрат Нұртас бұған дейін де Талдықорған қаласында көлік қозғалысына тыйым салынған жермен өтіп, жауапқа тартылған болатын.