Жаңа емле ережелердегі кемшіліктер туралы Caravan.kz медиа-порталының тілшісіне филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек айтып берді.
— Қазақ әліпбиінің емле ережелерін жасаудың аяқталғанын және қыркүйек айының соңында ұлттық комиссияның қарауына өтеді және бекітіледі деген болатын. Сонымен ол бекітіледі ме?
— Емле ережелердің бір нұсқасы қазір дайын. Оны кішкентай кітапша етіп таратып жатыр. Бірақ ол әлі арнайы бекітілген жоқ. Бірақ бір нұсқасы дайын, алдында айтылған ескертпелерді ескеріп кітапша етіп шығарыпты. Бірақ ол кітапшаны өзім әлі көрген жоқпын. Дегенмен міндетті құрал ретінде бекітілген жоқ. Ол қашан нақты бекітіледі, ұлттық комиссия қарауы қашан өтеді, ол жағын білмедім. Егер бәрі дайын болса ұлттық комиссияны жинайды. Өткенде бір жиналып, ол кезде тағы да жетілдірілетін жерлері бар деп тарады.
— Қателеспесем маңызды 19 ереже бар деді. Ол қандай ережелер?
— Ереже болғанда ол тараулары ғой. Мысалы, фонетика бөлімі бар, сөздің жазылымы қай жерде қалай болады деген сияқты. Сосын қандай сөздерді біріктіріп жазамыз деген саласы бар. Сырттан келген сөздерді қалай икемдейміз деген бөлімі бар. Бас әріптерді қалай жазамыз, тағы осы сияқты салалар. 19 болғанда әрқайсысы бір үлкен сала.
— Қазір бірқатар мысалдар келтіріліп жүр. Мәселен, «Ведомость» сөзін «Бедіміст» деп жазамыз деген сияқты. Айтыңызшы, оны елдің қабылдауы қалай болады. Ерсі көрініп үйренуі, сіңіруі қиын болмай ма?
— Енді алғашқы кезде үрке қарау болады. Мысалы, «Ансамбль» деген сөздегі жіңішкелік белгісінен құтылу үшін «Әнсәмбіл» деп жазамыз дейді. «Кароль» дегенді «Кәрөл» деп жазамыз. Негізі мен фонетика жағына араласамын. Ал қалған жақтары басқа мамандардың тірлігі. Бірақ мен жаңағы қазақ әріптеріне, қазақ тіліне икемдеп келтіреміз деген әрекеттерін қолдаймын.
— Ал сіз ат салысып жатқан фонетика бойынша көп өзгерістер бар ма?
— Ең қиыны осы сала болып тұр. Оны жасап жатқандар негізінен бұрынан сонымен шұғылданып келе жатқандар. Тіл білімі институтында тіл мәдениеті бөлімі деген болған, бұлар соның қызметкерлері. Біз қосымша араласып отырмыз. Менің риза болмай отырғаным қайтадан кирил емлесін көшіріп алдық. Қайтадан соның көшіріндісі болып кетті. Сол жерде мен өзімнің қарсы пікірімді айтқанмын, айтып та отырмын, әлі де айтамын. Мысалы «ми» деген сөзді кирилде екі таңбамен жазсақ, мына әліпбиде де екі таңбамен жазып отырмыз. «Мый» деп жазғанның орнына қайтадан солай жіңішке қылып жазып отырмыз. Мысалы, осындай жерлердің барлығына өзімнің қарсылығымды айттым. Келіспейтінімді айттым. Бірақ ол таңба әзір сол күйінше қалып отыр.
— Егер пайызға шаққанда фонетика саласы бойынша қанша пайызы сол күйінде қалды деп айта аласыз?
— Фонетика жағы ешқандай өзгеріс болмай сол күйінше қалды. Ал енді қалған жағына біраз өзгерістер енді. Бірге жазамыз, бөлек жазамыз, қазақ тіліне икемдеп келтіреміз деген сияқты жақтарында көп жаңалықтар бар. Бірақ ол салаларға тікелей қатысым жоқ. Бірақ қолдап отырмын. Енді әліпби көпшіліктің алдынан тағы бір талқылаудан өтетін шығар. Содан кейін бекітіледі.
— Тіл мамандары неге сол күйінде қалдырғысы келіп отыр?
— Біріншіден жазуға оңай дейді, сауат ашуға оңай дейді.Сосын халық әбден соған үйреніп, дағдыланып қалған, енді өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деген сөздер айтады. Мен оған келіскен жоқпын. Одан да орфоэпиялық айтылым үлгімізге салайық, дайын тұрсын. «Ми» деп орфографиясын жазып артынан «мый» деп орфэпиямен жөндеп жатқанша орфоэпиялық үлгісін қабылдайық деген ұсыныс менікі.
— Дегенмен бұл нақты нұсқа емес, әлі де бірталай қаралатын болып тұр ғой.
— Әрине әл қаралады. Қайтадан жазып, жөндеп, өткендегі сын-пікірлерді ескерген болу керек, икемдеп қайтадан дайындадық деді. Бірақ мен әлі соңғы үлгісін көрген жоқпын. Бұл әлі көп талқыланады. Әліпби деген, емле ереже деген қағазда тұрғанда әдемі көрінеді. Ал ертең мектепке барғанда, сауат ашу кезінде, оқулық жазғанда, әдістемелік жұмыстар кезінде оның қиындықтары сол кезде барып көрінеді.
— Рахмет.