Қайырбек Баймырза: Жүріп жүрген қызыммен ұрысып қалдық, ол 1 айдан кейін басқа жанға тұрмысқа шығып кетті - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
0 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қайырбек Баймырза: Жүріп жүрген қызыммен ұрысып қалдық, ол 1 айдан кейін басқа жанға тұрмысқа шығып кетті

Қайырбек Баймырза: Жүріп жүрген қызыммен ұрысып қалдық, ол 1 айдан кейін басқа жанға тұрмысқа шығып кетті

Белгілі тележүргізуші Қайырбек Баймырза Instagram желісіндегі парақшасында қазақ қыздары туралы пікірі жариялады.

  • 13 Қазан 2020
  • 262
Фото - Caravan.kz

Танымал тележүргізушінің айтуынша, қазіргі заманғы қазақ қыздары өздерінің сүйгендеріне деген адалдығына, тазалығына жиі күмән келтіреді.

Осыған байланысты Caravan.kz медиа порталының тілшісі тележүргізуші Қайырбек Баймырзамен сұхбаттасып, оның жариялаған жазбасына байланысты толық ақпарат алып көрді.

— Өзіңіздің инстаграм парақшаңыздағы соңғы постпен не айтқыңыз келді? Толығырақ нақты мәселелерге тоқталып кетсеңіз.

— Ер азаматтарды босқа үміттендіріп қоятын қыздардың әрекеттері тиылса екен деймін. Жазбада, өзіңіз де оқығандай, 2-3 жігітті уысынан шығармай, "қажет боп қалар" деп әдейі ұстап жүретін арулар көбейіп кеткен сияқты. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашпаймын, бірақ мен сұрастырған бұрысдылардың көбі мұндай тенденцияның барын мойындады. Өзім де көз жеткіздім. Соңғы кездескен қызыммен болған оқиға соған куә. Біз 1 жылдан аса уақыт жұп болып жүрдік, негізі болашаққа үлкен қадам жасауға дейінгі деңгейде араластық. Анам, жақындарым, достарым — бәрі оны танып, білді. Сырттай түсініп те жүрді. Бірақ бір күні арада түсініспеушілік орын алып, байланыс үзілген-ді. Жәй, болмашы дүние. Ол ренжіп қалды, мен намыстандым. Екеуміз де қателік жібердік, негізі. Сырттай бақылап жүрдім. Білесіз бе, 1 айдан кейін басқа жігітпен сурет жариялай бастады. Бастапқыда "қалжың болар, мені қызғандырғысы келген шығар",- деп ойладым, рас. Кейін қылығы "күшейіп" кетті. Сөйтіп, 1 айдан соң тұрмысқа шыққанын көрдім. Таң қалдым. Сонда менімен кездесіп жүріп, сырттай екінші жігітпен (қазіргі күйеуімен) араласып жүрген болып тұр ғой?! Жеке басымнан өткен оқиға — осы! Айтпақшы, мұндай жайттар достарымның арасында да кездесті. Махаббат болып жүрген қызы, аяқасты, басқа еркекпен қол ұстасып кеткені бар. Міне, көрдіңіздер ме?! Бұл не сонда? Үміткердің уақытын неге зая қылады? Бірден айту керек қой деймін де, "иа, бірге боламыз" не "кешір, болашағымды сенімен елестете алмаймын" деп. Ешкім басын жұлып алмайды. Екінші қозғалған мәселе — адалдық. Кафеде болған шынайы оқиғамды мысалға келтірдім. (постта — авт) бұл — тек шет жағасы. Тіпті, күйеуі бар әйелдерде жазады маған, кездесуге де шақырады. Бұрынғы қыздарым да бар арасында.

— Қазіргі заманда қыздардың адалдықтан алшақтағанына не себеп деп ойлайсыз?

— Тым еркінсіп кеткен сияқты. Сондықтан ер азаматтарға тізгінді тартып, бәйбішелеріне бақылауды күшейту керек деп ойлаймын. Қазіргі жастарда "өз қалауыммен өмір сүрем" деп жар салатын келіншектер аз емес. Ал олардың мұндай сұранысын қанағаттандыру үшін, еркек қайтсін, өліп-талып, бөксесі байыз таппай жұмыс істеуге мәжбүр. Жарлары "Өзімді дамытамын, білім аламын, оқимын, өзіме қараймын",- деп құлақ етін жей береді. Айтқандай, үйде отырудан "шаршағандар" жұмысқа шығуға іңкәр тұрады. Декретте жарты жыл болар-болмас бірден қызметке араласып кетеді. Дұрыс-ақ, құптарлық іс, бірақ, қараңызшы, нәзік жандылардың сыртта жүруі жиілеп кеткен сияқты ма өзі қалай?! Не істеп, не бітіріп жүргенінен күйеуі бейхабар болуы мүмкін, себебі оны қадағалауға уақыты, мұршасы да жоқ. Бұдан ажырасу да қылтиып шыға келеді.

— Осы бірнеше оқиғаға сүйеніп, қыздардың барлығына топырақ шашқаныңызды қаншалықты әділ деп санауға болады?

— Біріншіден, мен бәріне топырақ шашып жатқан жоқпын! Неге екені белгісіз, бірақ, бір қызығы, менің посттарымды оқыған әр қыз жазбадан өзін көреді екен. Әсіресе, соңғысы қатты әсер еткен секілді. Өйткені, таныс қыздар арасында шу болып кетті. Жеке келіп, ренішін айтып жатты. Инстаграмда комментарийге жазудан қорыққандары дайректе шығып, өкпелерін жеткізді. Келіскендері бар, мұны да ескерген абзал! Демек, бұл — тұнып тұрған факт. Екіншіден, менің постым еркеккіндіктінің жеке субъективті пікірі екенін ұмытпаңыз. Яғни жігіттің психологиясымен қарау керек бұған. Айтпағым — қыздарды қаралау емес, қамшылау: өздерін жинақтап алсын, ойларын тазартсын,  сабақ болсын, менің жазбам, ең құрығанда, біреуіне өз пиғылын ақыл таразысына салдырса, сол арқылы көзқарасын өзгертсе, мен қуанар едім. Өз жанындағы адамдарға, соның ішінде бар мейірімін төгіп жүрген екінші жартыларына лайықты деңгейде көңіл бөлсе екен деген игі тілек мендегі. "Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді" деген тамаша тәмсіл бар. Өйстіп жүріп, қыздың "байсыз болып, отырып қалмасына" кім кепіл?! Дұрыс жағынан түсінейік…


— Ер адамдар жайлы айта кетсек, еркектердің арасында адал еместердің әйелдерге қарағанда сан айырмашылығы қандай?

— 2-3 вариант ретірде ұстап жүретіндерді кездестірмеппін. Қатты естілер, алайда рас. Әлде мен араласатын ортам сондай ма?! Өзім де ондай емеспін. Мүмкін, жасым келген де болар?! Мен қазір болашақ жар болатын қыз қарастырамын, "өз" адамымды кездестірсем, мен дүниеден баз кешуге дайынмын! Барымды соған беріп, арымнан да аттауға әзірмін. Бірақ 2-3 қызға көңіл бөлуге менің уақытым да, күшім де, ниетім де жоқ. Біреуін қарқ қылып алу керек. "Жүргіш" жігіттер көп қой" деп дес бермейтіндер шығады арамызда. Иә, бар, оның өзінде, меніңше, кездесулері уақытша ғана. Әйелдерінен безгендер болар. Манағы "қыздардың сыртта жүруі жиілеп кетті" деген мендік теорияға әкелуге болатын сияқты. Қысқасы, қыздар — шаңырақтың берекесі, сол себепті түтіннің түзу шығуы соларға байланысты. Бар көңілін, ерік-жігерін, күш-қайратын отбасына арнауы керек деп ойлаймын.

— Сіздің көзқарасыңыз заманауи деп көзқарастан алшақ емес пе?

— Заманауи көзқарас дегенді қою керек. Қандай жағдай болмасын, қазақилық болу қажет. "Қызды 40 үйден тию" дейді, міне, тәртіп, қызға деген талап, жүктелген міндет. Тазалық, адалдық, жауапкершілік те айтылған. Заманға сай өзгеруі мүмкін, бірақ түбегейлі емес.

— Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталсақ, қазіргі Қазақстан қыздарына не айтасыз?

— Қазір қыздар жігіттермен тең болғысы келеді, кейбіреулері ондай пікірді ашық айтып та жатыр. Бір саты түсу керек, соны жақсы түсіну керек. Сыйластық қой қарапайым. Ең бастысы, адалдық. Отбасы мүддесін өзінің жеке амбициясынан жоғары қойса ешқайсысы да ұтылмасы анық. Менің түсінігімде бәрі шынайы болу қажет: түрі де, тілі де, іші де, сырты да. Жасандылық, екіжүзділік тұңғиыққа батырары сөзсіз. Ол мен айтпасам да түсінікті ғой. Жігітті құр қуыршақтай қарап, олармен ойнап жүру абырой әкелмейді.

Сұхбатыңызға рақмет!