Жарияланды: 480

Қ.Ахметов бушидо тұжырымы бойынша өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды

Аралас жекпе-жектен 19 кездесу  өткізіп оның бәрінде таза жеңіске жеткен  «Алаш Прайд» клубының сарбазы Қайрат Ахметов, жақында Лондонды бағындырып қайтты. «Қазақ» деген лақап атымен елге танылған Қайрат Ахметов,  Лондон көрермендері алдында литван  Эмилиус Яскявичусті есінен тандырды. 

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде дәурені жүріп тұрған Қайрат Ахметовті,  соңғы кездері  жарысқа шақыратындар көбейіп барады. Бір жағынан  әлі күнге дейін жеңілістің ащы дәмін татпаған сарбазға  қолқа салушылардың  арта  түсуі белгілі  жәйт. Екіншіден, Қайраттың орындауындағы биді айтсаңызшы. Әр жеңістен кейін «Қара жорға»  биіне басатын  Қайраттың қимылы   көрермендердің делебесін қоздырмай қоймайды. Лондонда  Қайрат ММА-дің бушидо тұжырымы бойынша өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Жерлесіміз осы кеш аясындағы рейтингілік бәсекеде литвалық Эмилиус Яскявичусті  сұлатып салды. Келесі жекпе-жегін Қайрат Ахметов 22-желтоқсан күні  Алматы төрінде қытайлық өте мықты сарбаз Яо Жуйге қарсы өткізеді. 

 

“Мәңгілік” рекорд бұзылды. Каталондық “Барселона” және Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси әйгілі германиялық сұрмерген Герт Мюллердің 40 жыл сақталған рекордына түзету енгізді.

Әйгілі Мюллер 1972-ші жылы қарсылас қақпасына 85 гол тоғытып, әлемдік рекорд орнатқан болатын. Мұндай жоғары жетістікті қайталау кез келген шабуылшының қол жетпес арманына айналған. Алайда биылғы маусымда керемет өнер көрсетіп жүрген Месси “Бетиске” қарсы матчта қос гол тоғытып, биылғы голдар санын 86-ға жеткізді. Бұл жаңалықты естіген Мюллер Мессидің теңдесіз ойыншы екендігін мойындап, қалған матчтарда да гол соғуына тілектестік білдірді. 2009-шы жылдан бері үш рет әлемнің үздік футболшысы болып танылған аргентиналақ биыл төртінші мәрте үздік атануы да ғажап емес.

 

Әлемнің үздік клубтары бұл күндері Жапонияға ат басын бұрды. Күншығыс елі, футболдан клубтық әлем чемпионатын қабылдап жатыр.

Чемпиондар лигасының жеңімпазы ретінде еуропа атынан бұл додада “Челси” бақ сынамақ. Бүгін Рафаэль Бенитес шәкірттері жапониядағы алғашқы жаттығуларын бастап кетті. Биылғы маусымда чемпиондар лигасының топтық кезеңінен әрі аспаған “ақсүйектер” жанкүйерлерінің көңілінен шығу үшін түрлі деңгейдегі турнирлерде топ жаруға тырысатыны анық. Оның үстіне испандық бапкер негізгі құрамның белді ойыншыларын әкеліпті. Турнирді жартылай финалдан бастайтын лондондық клуб алғашқы кездесуін мексиканың “Монтаррей” клубына қарсы өткізбек. Финал 16-шы желтоқсанға жоспарланған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін