Ол 63 мың теңге айлық табыстан қалай шаруа қожалығы мен дәмхана иесі атанғаны туралы, отбасылық кәсіп жолы жайлы әңгімелеп берді, деп жазады Caravan.kz медиа-порталы тілшісі.
— Қалада тұрғым келмейді депсіз?
Жолдасым да, мен де ауылда туып өскенбіз. Тек ЖОО оқыған кезде қалада тұрғаным бар. Одан кейін жолдасымның алғашында қалаға жұмысқа орналасты. Қазір ауылда тұрсақ та қалаға өте жиі барып тұрамыз. Дегенімен, өзіме қаланың асығу, жарысу, абыр-сабыр өмірі ұнамайды. Шаршатып жібереді. Қалада өмір сүруден гөрі күнкөріс басым сияқты. Ауылдағы өмір жаныма тыныштық береді.
— Қымызды баптаудың ел білмейтін бір құпиясымен бөлісе аласыз ба?
Қымызды кәсіп көзіне айналдырғанымызға міне 12 жылдың жүзі болды. Қымыздың ел білмейтін құпиясын елмен бөліссем, оның несі құпия болады? (күлді) Арнайы кәсіби түрде айналысқандықтан оның сақталуы, сатылымына әбден машықтанып алдық. Оның үстіне біз күнделікті бір отбасына жететін қымыз емес үлкен көлемдегі қымыздарды дайындаймыз ғой. Оның әдісі де, баптауы да бәрібір бөлек.
— Ауыл шаруашылығы өнімін сататын дәмхана қалай ашылды?
Алғаш отбасын құрған жылы қалада тұрдық. Мен студентпін. Шәкіртақым 17 мың теңге. Жолдасымның жұмысынан алатын айлығы 63 мың теңге болды. Ол кездері жолдасымның үй іші қымыз сауып, азын-аулақ сатып та тұрушы еді. Бір күні жолдасым жұмысына үйдің қымызын апарып күтпеген ұсыныс алады. Басшыларының танысы қымыз цехін ашатын серіктес іздеп жүр екен. Біздің қымызды ұнатады. Қанағатқа ұсыныс жасайды.
Біздің жетістігіміз ең әуелі еңбектің емес, бір-бірімізге деген қолдаудың арқасы деп білемін. Қазір елестетсем, «Кафе ашайық» деген менен ой болмаса, қазір жолдасымның қасында шөп шауып жүруші едім.
2012 жылы екі ғана бие бар еді. Ал, серіктестік үшін үлкен көлем керек. Биені қайдан тапты дейсіздер ғой? Қанағат ауыл жылқысының бағынын өзіне алды. Жылқысын тегін бағып, есесіне сауатын болып келістік. Солай жаңағы кісімен серіктестік басталды. Бұдан түскен ең алғашқы табыс үйлену тойымызға кетті. Оны атқарып алған соң бәріміз білек сыбана еңбекке кірістік. Көрші ауылдардың биесін алып сауа бастадық. Қанағат аудандағы биелері көптеу адамдарға хабарласып «биені сауамын, баққаным үшін ақша төлемейсіз» деген ұсыныстар таратты. Сөйтіп жүргенде ағайынды кісілер екі үйір жылқыларын тапсырды.
Енді нағыз тарихи сәт туралы айтайын. Қайным бір күні жолдың бойында тұрып қымыз сатып көрейінші деп кетті. Бала ғой. «Жарайды, барып ойнап келсін» дедік. Қағазға «қымыз» деп жазып алған. Мәз болып қайтты. Қанша қымыз сатқаны есімді жоқ. Ақшасын алып келіпті. Онымен қоймай, саляркаға бартер жасапты. Салярка үйде сол кезде бітіп қалған еді. Кафе ашуға деген махаббат осылай ашыла бастады. Ал, бір күні жолдасым айран ішіп отырып, «осы айранда кафеде сатса мен алар едім» деді. Ақыры армандап жүріп бастадық кафенің жұмысын. Жолдың бойына вагончик қойып, ішіне қолдан келгенше жөндеу жұмыстарын жасап бастадық. Қымыз өте сапалы болды. Кейін қасына киіз үй қосып қуырдақ саттық. Осылай-осылай өстік. Бастапқыда көл көсір ақша болмады. Бірақ, несиеге батпай, қажетімізге жететіндей өмір сүрдік. Артық ақшаға мал ала беретінбіз.
— Кәсіптің өз қиындықтары да болған шығар? Ауылда кәсіппен айналысуда қандай кедергілер болады?
Шығынсыз да болмады, әрине. Мысалы бір жылда қатарынан 8 құлын өлді. Жоғалған малдар болды.
Мен жүргізіп отырған инстаграм желісіндегі парақшама «Ақша жеткілікті болса, неге брендтен киінбейсіздер?» деген де хаттар келеді. Өмірде одан артық заттар бар, меніңше. Мемлекеттен аса бір көмек алмаймыз. Ата-анамыз дайындап берген үйір-табын малымыз болған жоқ. Сондықтан алдымен қорланып алуға қам жасадық. Жалпы ауыл шаруашылығ саласын бұл оңай атақырла салатын дүние емес. Оны білу керек, қиындыған төзе білу керек.
— Тұтынушыларыңыз кімдер? Жергілікті тұрғындар ма?
Кафеміз Қарағанды-Балқаш жол бойында орналасқан. Сондықтан, тұтынушыларымыздың арасында сапардағы кісілер бар. Онан бөлек аудан халқы да келеді. Тіпті, арнайы іздеп келетіндер де болады. Әлеуметтік желі арқылы мені танып келетіндер де жоқ емес.Негізі қымызды алғашқы бастаған жылдары қымыздың литріне субсидия берілетін. Оны жем-шөбіне жарататынбыз. 1-2 жылдан кейін ол тоқтады. Ал, несиеге мүлде жолаған жоқпыз. Ең әуелгі жылдары елдің малын бағып, қымызды өзіміз сатып жүріп, бір дүниені екіншісіне жалғап осы күнге жеттік. Қаржылай сауаттылықтың көмегі деп айта аламын. Осылай өсіп келе жатқан қожалықпыз.
— Негізі ЖОО-да тәмамдаған мамандығыңыз қандай?
Менің мамандығым биотехнология. Қарағанды техникалық университетін бітіргенмін. Дипломдық жұмысым қымыз өндірісіндегі микроорганизмдер болды. Практикада жүзеге асырып жүрген соң маған ол түкте қиынға түскен жоқ.
— Кәсіби білімнің болуы ауыл шаруашылығын жүргізуге септігін тигізді ме?
Өзімде керемет кәсіби білім бар деп айта алмаймын. Менде көбіне бәрі тәжірбиемен келді.
— Ұл-қыздарыңыз өскенде кәсіптеріңізді жалғастыра ма?
Отбасымызбен баланың ойы еркін болуын, жеке позициясының болуын құптаймыз. Соны назарға аламыз. Балалар міндетті түрде ауылда тұру керек деп шектемейміз. Тіпті Қазақстанда тұруы керек деген де шарт жоқ. «Саған не ұнайды?» деп үнемі өз пікірлерін сұрауға тырысамыз. Үлкен ұлымыз кәсіпті жақсы көреді. Жаз сайын өзі жұмыс істеп, өз ақшасын тапқысы келеді. Біз «қой!» демейміз. Екінші ұлым жылқыларды жақсы көреді. Өзіне бәйгеге шабатын ат алып бердік. Атбегілердің қасына қосамыз. Атқа керекті дәрі-дәрмекті алғанда да қасымызға ертіп жүруге тырысамыз. Қысқасы, бетінен қақпай белінен буып тәрбиелеуге тырысып жүрміз. Кіші ұлымыз техникаға жақын. Сол жағына қарай атасы баулиды. Әзірге бойларында бар қабілеттерін шыңдауға тырысып жүрміз. Бірақ, келешекте шешім өздерінен.
Осы салада жүрсіз. Қандай кемшіліктеріміз бар? Нені қолға алуымыз керек?
Ауыл шаруашылығына мал алуға деп беріліп жатқан қаржылай несие, өзге де көмектерді өз мақсаты бойынша жұмсалуын қатаң қадағалануын қалаймын. Мемлекеттің беріп жатқан азды-көпті мүмкіндігін талан таражға салып, өз мүддесіне жаратып жатқандарға қарап қарным ашады.
Ауыл шаруашылығына келемін деген әсіресе жастарға қолдау көрсетілуі аса маңызды. Мәселен, алғашқы жылына ай сайын көмек беріп, үй-жай, жер мәселесін қарайласып тұрса болар еді, меніңше.
Мақсаты бойынша қолданбайтын жайылым, егістік жерлер де бар. Соларды иесінен алып, нақты жүргізетін шаруашылықтарға берсе де тамаша болар еді.
Техника бағасы қымбат. Оның жанар-жағармайын айтпай-ақ қояйық. Техника бағасына көңіл бөлінсе деген арманымыз да жоқ емес. Еуропалық техникаларды қолжетімді бағада не субсидиялы түрде нарыққа кіргізсе.
Ауыл шаруашылығымен қаланың қақ ортасында айналыспайсыз. Далалы жердің кемшілігі белгілі. Ұялы байланыс нашар.
— Сұхбатыңызға рақмет!