«Бұлар экономикалық қылмыстар. Сол себепті олардың сотқа жетпей аяқталу мүмкіндігі бар. Егер олар айыпты мойындап, миллиардтаған айыппұл төлеуге келіссе, сот арқылы тәжікелесіп жатудың қажеті не?»,-деді осы орайда бейбіт келісімге келу мүмкіндігін жоққа шығармаған С.Қалмырзаев.
С.Қалмырзаев бірақ BG-дің айыппұл төлеу мүмкіндігі туралы сауалға жауап бермеді. «Қазақстанда болсын, мейлі басқа елде болсын, өзінің айыпты екенін кім мойындасын? Дейтұрғанмен бұлтартпас дәлелдері табылған жағдайда мойындауға мәжбүр болатыны анық»,- деді ол.
С.Қалмырзаев қазір тергеудің жалғасып жатқанын хабарлады. «Қазір біздің қызметкерлер Ресейде жұмыс істеп жатыр. Олар тиісті тергеу базасын нығайтуда. Тергеу амалдары жүргізілуде, жұмыстар жалғасып жатыр»,- деді ол. «Талап қаржысының көлемі күн өткен сайын арта түсуде».
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР қауіпсіздік кеңесінің жиынында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау мекемелеріне бірқатар ірі экономикалық қылмыстардың мән-жайын үш айда анықтап, оларды тексеру қорытындысына қатысты ақпараттарды ҚР қауіпсіздік кеңесінің хатшысына ұдайы баяндап отыруды тапсырған болатын. Олардың арасында 1,233 млрд. теңгенің газ конденсатын өңдеу мақсатында Ресейге шығару дерегі бойынша «Би Джи Қарашығанақ» және «Оренсал» ЖШС-нің үстінен қозғалған қылмыстық істер де бар.