Қалыңдық сұраған мәһір берілмесе, неке бұзыла ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қалыңдық сұраған мәһір берілмесе, неке бұзыла ма?

Қалыңдық сұраған мәһір берілмесе, неке бұзыла ма?

Кейбірі мәһірдің маңыздылығын түсіндіріп, болашаққа инвестиция ретінде қандай зат сұраса да құқылы деп қолдайды.

  • 21 Қыркүйек 2022
  • 39
Фото - Caravan.kz

Мәһір тақырыбы қалыңдықтың сұранысы мен күйеу жігіттің мүмкіндігіне қарай түрлі оқиғалармен қоғам арасында қызу талқыланып, жылдар бойы өзектілігін жоғалтпай келеді. Facebook желісінде мәһірге қымбат көлік сұраған қалыңдықты күйеу жігіт тастап кеткенін жазған Сая Қасымбек есімді қолданушының жазбасы да ел арасында резонанс тудырды.

Оның айтуынша, құрбысының қызы қалталы жігітпен көңіл жарастырып, тойға дайындалып жүрген. Алайда тойға санаулы күн қалғанда неке қидыруға барған жастардың арасында түсініспеушілік болған. Даудың басы қыздың болашақ күйеуінен мәһірге қымбат көлік сұрағанынан басталған.

Мәһір дегеніміз не, мәһір берілмей қиылған неке дұрыс па? Жоғарыдағы оқиғаға қатысты әлеуметтік желі қолданушылар пікірі қандай болғанына шолу жасадық, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Мәһір дегеніміз не?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) пәтуә бөлімі «Мәһір – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы» деген түсініктеме берген. Шариғат бойынша мәһір беру – уәжіп. Бірақ, ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһір берілмей қиылған неке дұрыс болып саналатыны да айтылған.

Сонымен қатар, мәһірдің мөлшерін ер азаматтың материалдық деңгейіне қарап, отбасының әлеуметтік жағдайын ескеру керек екендігі де жазылған.

Тіпті мәһір беруге қатысты ҚМДБ пәтуә бөлімінің Үкімі де бар:

1. Мәһір – қалыңдықтың ақысы. Келісілген мәһірді бермеу – күнә
2. Мәһір ақшалай немесе заттай беріледі. Оның сипаты мен мөлшері анық көрсетілуі керек
3. Мәһірдің ең аз мөлшері 10 дирхам, яғни 4,25 гр алтын немесе оның құнына тең болуы тиіс. Жоғарысының шегі жоқ, бірақ оны екі жақтың жағдайына қарап белгілеген орынды
4. Мәһірді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады.

Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі


Кейбіреулері мәһірдің маңыздылығын түсіндіріп, болашаққа инвестиция ретінде қандай зат сұраса да құқылы деп қолдайды. «Біз қазақпыз, бізде мұндай болмаған, «мәһір» деген арабтардан келген «сайқал дәстүр» талай отбасын қиратты» деп пікір білдіргендер де бар. Енді бірі, тіпті заң жүзінде мәһір сыйына тыйым салу керек дейді.

Журналист Сәуле Әбдіханқызы да мәһір ақысына қымбат сыйлық сұраған қызды сынап Facebook парақшасында пікір қалдырған.

«Ақымақ қызға сол керек. Жап-жас боп сонша дүниеқоңыз болар ма?! Қалыңдықтарың мәхір-сәхірге солай ауыздарын арандай ашса, алдын-ала өздеріңмен ақылдаспай, неке қию сәтінде «косякқа» тыққысы келсе, сол сәтте тастап кетіңдер, жігіттер!», — деп жазып, ондай қыздардан дер кезінде құтылған дұрыс деп жазды.

Сондай-ақ, «Алланың үйінде сыпайылық сақтап, әрі кетсе Қажылық сапар сұраса ұтар еді. Ол дарақы құрбыларының алдында көпірейін деген ғой. Құдай басқа бермесін. Шешесіне қиын болған екен», «Жігітті қолдаймын!», «Қазақтың дәстүрінде жоқ әдет қой. Көрінгенге еліктегенді қою керек жастарға. Қазақ қызды жүгімен берген, ал жігіт жағы қалың малын берген. Сол да жетеді деп ойлаймын», «Мұндайда, мешітке бармас бұрын қызбен ақылдасып, келісіп алған дұрыс-ау, не сұрайтын болдың деп. Шындығында, жігіт қызды сүймейтін болып тұр ғой!», — деп жазды желі қолданушылары.