Семинарға Қазақстанда сауда-саттық операциялары мен өндірісті қамсыздандыру рыногін дамытуға мүдделі отандық 88 кәсіпорынның, соның ішінде негізінен сақтандыру компаниялары мен коммерциялық банктердің өкілдері қатысты. А.Баталовтың айтуынша бұл — Қазақстандағы осы сала рыногінің белсенді қызметке ден қойғанына дәлел.
А.Баталовтың пікірінше, ICIEC-тің бір артықшылығы сонда, Ислам Даму банкінің бұл институты шариғат қағидаларына бағынады. Ол өз кезегінде сауда-саттықты дамытуды теріске шығармайтындықтан бизнес саласына өзара ықпалдастық, қайырымдылыққа бағытталған өзгеше моральді орнықтыруға мұрындық болып отыр. Мәселен, сауда-саттық операцияларын қамсыздандыру мөлшері , өзара сауда келісімінің 90 процентін құрайды. Ал Еуропалық сақтандыру ұйымдары шығынның 80-85 процентін ғана өтеп беретіні белгілі. Сондай-ақ, корпорация клиенттері үшін шығынның орнын толтыру мерзімі біршама қысқартылған.
Ислам Даму банкі бұлжытпай ұстанатын тағы бір маңызды принцип — борышкерлерге қатаң жаза жүктемеу. Корпорация тарапынан талап етілетін жалғыз шектеу — сатылатын тауардың 30 проценті міндетті түрде Ислам Даму банкіне мүше-мемлекеттерде өндірілуі тиіс. Соның арқасында Ислам Даму банкіне мүше-мемлекеттер арасында сауда-саттық байланыстар мен инвестициялық қызмет аясын кеңейте түсуге ықпал жасалады. Сонымен бірге, А.Баталовтың пікірінше, Қазақстандық компаниялар жаңа қаржылық құралдармен танысып , оларды қолдануға мүмкіндік алмақ.
Сонымен бірге болашақ сауда -саттық қарым-қатынасында Қазақстандық компаниялар үшін қаржылық қауіп-қатерді азайту мақсатында ICIEC өз тарапынан Ислам Даму банкіне мүше-мемлекеттердегі кәсіпорындарға қатысты қолда бар мәліметтер базасымен бөлісуге дайын.
Шетелдік инвестициялар мен экспорттық несиені қамсыздандыру жөніндегі Ислам корпорациясы Ислам даму банкінің негізгі алты қаржылық институтының бірі ретінде 130 миллион доллар қаржымен 1994-жылы құрылған болатын.
Корпорация жұмысының басты мақсаты- Ислам даму банкіне мүше-мемлекеттер арасында инвестициялық ағымдарды ынталандыру мен коммерциялық аударымдар көлемін арттыру болып табылады. Корпорация экспорттық несиені қамсыздандыру, елдік факторға сәйкес инвестицияларды сақтандыру, экспорт бойынша қайтарылмаған қарыздардың орнын толтыру мақсатымен қамсыздандыру шараларын жүзеге асырады.